Әзілкеш Нұрболхан Шарапов айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның айтыстағы мәнеріне пародия жасады. Ақын әзілкештің Instagram-дағы видеосының астына 12 жол өлең жазып, оған әзілмен жауап қатты, деп хабарлайды Malim.kz.
Тұрсынбаева өлеңін Нұрболханның халін сұраудан бастап, оны үсіп қалған алмаға теңеді. Соңғы шумағында аққу мен қарғаны мысалға алып, сөзін әзілмен түйіндеді.
"Тисе берме аққуға
Қарқылдаған қарғамай.
Айтысатын уақыт жоқ,
Жолың болсын ал, давай!" – деп жазды Айнұр Тұрсынбаева.
Скриншот түсірілген сәтте ақынның пікірін 12,3 мың адам ұнатқан. Жазбаға әнші Жазира Байырбекова да пікір қалдырып, "р" дыбысын айтуға тілі келмейтіндерді әзілмен қол көтеруге шақырды.
Нұрболхан Шарапов кім?
Нұрболхан Шарапов – әзілкеш, актер және режиссер. "Жайдарманның" ресми сайтының дерегінше, ол Шымкентте туып, Таразда өскен. Көрерменге "Дулати жастары", "Тараз-2000" және "Демеушіміз Болашақ" командаларында өнер көрсетіп таныла бастады.
2021 жылы Шарапов "Хабар" арнасындағы "Маска" шоуында Арыстан кейпінде ән айтып, финалда үшінші орын алды. Ол "Белгісіз батырлар" мен "Кәрі қыз" фильмдерінде де ойнаған.
2025 жылы жарық көрген "Болған оқиға" фильмін Нұрболхан Шарапов режиссер ретінде түсіріп, Елдос Қадырхановпен бірге продюсерлік етті. Фильмде үш баласының жағдайын білмек болып қалаға келген ананың оқиғасы баяндалады. 2026 жылы шыққан "Болған оқиға 2" фильмін де Шарапов түсірді.
Айнұр Тұрсынбаева кім?
Айнұр Тұрсынбаева – суырыпсалма ақын, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. Ол 1977 жылы бұрынғы Семей облысының Ақсуат ауданындағы Көкжыра ауылында дүниеге келген. 1994 жылы Мойынқұм ауданында мектеп бітіріп, кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған.
Қазақ радиосының дерегінше, Тұрсынбаева 1991 жылы Қайрат Рысқұлбековке арналған облысаралық айтыста көзге түскен. 1994 жылы Семейде Абайға арналған оқушылар айтысының бас жүлдесін алды. Кейін Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығына арналған республикалық айтыста екінші орын иеленді.
Ақын Иса Байзақовтың 100 жылдығына және Шымболат Ділдебаевтың 70 жылдығына арналған республикалық айтыстарда бас жүлде алған. Қазақстаннан бөлек, Франция, Түркия, Қытай және Моңғолияда өткен айтыстарда өнер көрсетті. 2011 жылы Астанада ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған айтыста Балғынбек Имашевпен және қырғыз ақыны Аалы Тутқычевпен сөз сайыстырды.