Ақпараттық хабарлама
freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Бала-шағасымен мақтанғанды қолдамаймын": Бейбіт Қорған әріптестерін сынға алды

Шоу-бизнес •
"Бала-шағасымен мақтанғанды қолдамаймын": Бейбіт Қорған әріптестерін сынға алды
Фото: malim.kz / ЖИ арқылы өңделген

Әнші Бейбіт Қорған әлеуметтік желіде бала-шағасын, ішкен-жегенін жиі көрсететін әріптестерін сынға алды. Ол өнер адамдарының жеке өмірін жұрт алдына жаюына қалай қарайтынын "Kezdesu" YouTube жобасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Жүргізуші әншіден эстрадада өзі қабылдай алмайтын құбылыстар бар ма деп сұрады. Мысал ретінде өнер адамдарының жұртқа тұрмысының жылтырағын ғана көрсетіп, ауқатты әрі тату отбасы бейнесін қалыптастыруын атады. Бейбіт Қорған бұған жауап беріп, мұндай жазбаларды көретін адамдардың жағдайы әртүрлі екенін айтты.

"Мә, мынадай жаңағы өтірік легенда ма? Иә! Жасанды боп жүретін ондайлар көп қой. Бірақ та кейде ойлайсың: осындай жасанды бір нәрселер… Кейбір әншілер, мысалы, жеке өмірін көрсетіп жатады. Бала-шағасымен: "Мен мынандаймын, бүйтіп жатырмын, сүйтіп жатырмын", – деп. Мен ондайды қолдамаймын. Неге? Өйткені соған зар болып жүрген адамдар қаншама?! Тамақ жеп жатқанын көрсетіп жатады. Ал ондай нәрсені жей алмай жатқан адамдар қаншама?!" – деді әнші.

Жүргізуші тыңдарманға өнер адамының отбасы да қызық екенін алға тартты. Қорған мұндай қызығушылықтың барын түсінетінін айтып, тыңдарманға өнер адамының өзін білген жеткілікті деген пікір білдірді.

"Әрине, қызық. Бірақ өнер адамының өзін білсең, сол жеткілікті. Оның ар жағында қандай ағайын-туыстары бар, қанша баласы бар, қанша баласы жоқ деген сияқты нәрселерді білудің не қажеті бар?" – деді Бейбіт Қорған.

Бейбіт Қорған кім?

Бейбіт Қорған – қазақ эстрадасының әншісі, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. Ол 1981 жылы 17 қыркүйекте Атырау облысы Махамбет ауданының Береке ауылында дүниеге келген. Мектепте оқып жүргенде ән айтып, отбасылық ансамбльдің құрамында өнер көрсеткен. Кейін "Гүлдер" ансамблінде әншілік жолын жалғастырған.

Әнші 2000 жылы "Жас қанат" пен "Азия дауысы" байқауларына қатысып, көпшілікке таныла бастады. Оның үлкен сахнада орындаған алғашқы әндерінің арасында "Маған арман" мен "Кім ол?" бар. Кейін "Сен", "Тыңдашы, жаным", "Қасымда бол" және "Шоқ қыздар" әндері тыңдарманға кеңінен тарады.

"Шоқ қыздар" әнінің әуенін қырғыз композиторы Ильяз Абдыразақов, қазақша сөзін Ринат Зайытов жазған. Бұл ән 2020 жылы Үндістандағы TikTok қолданушылары арасында қайта танылып, сол кезде қазақша әнге 25 мыңнан астам видео түсірілген. Бейбіт Қорған Tengrinews.kz-ке әнінің он жылдан кейін өзге елде қайта тарағанына қуанғанын айтқан.

Әнші шығармашылық жолында сахнадан біраз уақыт үзіліс те алған. 2019 жылы берген сұхбатында анасы қайтыс болғаннан кейін әншілікті тастауды ойлағанын, кейін өнерге қайта оралғанын айтқан. Бұдан бөлек, 2018 жылы туған ауылына арнап "Ауылым-ай" әнін жазып, бейнебаян түсірген.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу