ТНТ арнасындағы "Открытый микрофон" шоуының жартылай финалына дейін жеткен Элдос Алмазов 18 қарашада ота кезінде қайтыс болды. Қаралы хабарды әзілкештің немере әпкесі оның Telegram арнасында жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.
Элдос Алмазовтың қазасы туралы не белгілі?
Қаралы хабар 19 қарашада жарияланды. Әзілкештің немере әпкесі Элдостың бір күн бұрын ота кезінде көз жұмғанын айтып, бұл қазаның отбасына, әсіресе ата-анасына ауыр тигенін жеткізді.
"Кеше операция кезінде Элдостан айырылып қалдық. Бұл бәріміз үшін, әсіресе оның ата-анасы үшін орны толмас қайғы", – делінген хабарламада.
Қырғызстанның 24.kg басылымының жазуынша, Алмазовқа биыл сәуірде остеосаркома, яғни сүйек тінінің қатерлі ісігі диагнозы қойылған. Ол бірнеше рет химиотерапиядан өткен. Қыркүйекте сол аяғындағы ісікті алып тастау үшін ота жасалған. Емге қаражат жинауға оқырмандары мен әріптестері де көмектескен.
Қазан айында Алмазов Telegram-да кезекті химиотерапиядан кейін жағдайы нашарлағанын жазды. Көзі ауырып, басы айналып, жүрегі айнығанын, тіпті телефон ұстаудың өзі қиындағанын айтты. Сол кезде ол оқырмандарынан ес жиып алу үшін уақыт сұрап, жағдайы жақсарғанда қайта хабарласатынын жеткізген.
Элдос Алмазов кім?

Элдосбек Алмаз уулу 1997 жылы Қырғызстанның Ош облысындағы Қара-Суу ауданына қарасты Тельман ауылында дүниеге келген. Мектепті де сол ауылда бітірген. Отбасында төрт бала болған. 2018 жылы Sputnik Қырғызстанға берген сұхбатында ол мектепте жақсы оқығанын, қыста сыныптастары кейде сөмкесін үйіне дейін көтерісіп жіберетінін еске алған.
Сол сұхбатында Элдос дәрігерлердің оған гипофиздік нанизм диагнозын қойғанын айтқан. Мектеп бітіргенде бойы 112 сантиметр болса, 21 жасында 130 сантиметрге жеткен. Оны алғаш көрген адамдар жасы нешеде екенін естігенде жиі таңғалатын. Бірде Мәскеудегі дәмханада бейтаныс әйел оны жанындағы досының інісі деп ойлап қалған. Элдос төлқұжатын көрсеткен соң, үшеуі күліп, бірге суретке түскен. Осындай күнделікті оқиғалар кейін оның сахнадағы әзілдеріне арқау болды.
Instagram-дағы қысқа видеодан ТНТ сахнасына дейін
Элдос телеарнаға шықпай тұрып-ақ Instagram-да қысқа әзіл видеоларын жариялап жүрген. 2018 жылғы сұхбатында парақшасына 10 мыңнан астам адам жазылғанын және жарнамадан табыс таба бастағанын айтқан. Кейін "Открытый микрофон" жобасына берген сұхбатында бір кездері гүл жеткізуші болып жұмыс істегенін де еске алған.
2021 жылдың қыркүйегінде Алмазов ТНТ телеарнасындағы "Открытый микрофон" шоуының алтыншы маусымына іріктелді. Алғашқы монологы қазылар алқасына ұнап, ол Алексей Щербаковтың командасына қосылды. Қарашада қырғызстандық әзілкеш жобаның жартылай финалына өтті. Дәл осы бағдарлама оны кең аудиторияға танытты.
Элдос Алмазов көрерменнің есінде несімен қалды?

Алмазов сахнада өз басынан өткен оқиғаларды әзілге айналдырды. "Открытый микрофондағы" бір монологында 24 жаста екенін айта отырып, жұрттың оны бала деп қабылдайтынын әңгімеледі. Ол мұндай сәттерді адамның жасы мен кім екені туралы сырт келбетіне қарап тез қорытынды жасайтынын көрсететін күлкілі оқиғаға айналдыра білді.
Телеэфирден кейін ол Азамат Мұсағалиевтің "Большое шоу" жобасына қатысып, жеке стендап монологтарын да жариялады. 2023 жылы өз атымен YouTube арнасын ашып, сахнадағы өнерін сонда жүктей бастады. Тельман ауылында өскен, алғашқы көрерменін Instagram-нан тапқан әзілкеш көпшілікке күнделікті өмірдегі ыңғайсыз сәттерді де еркін әңгімелеп, өзіне күле білетін мәнерімен есте қалды.