Ұлытау облысында мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында "Антипараквест" интеллектуалды ойыны өтті, деп хабарлайды Malim.kz.
"Заң мен тәртіп" қағидаты аясында ұйымдастырылған іс-шараға 50-60 мемлекеттік қызметші қатысты. Олар арнайы әзірленген тапсырмалар мен ситуациялық сұрақтарға жауап беріп, құқықтық білімдері мен тапқырлықтарын сынады.

Ойын барысында қатысушылар заң талаптарын сақтау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, қызметтік әдеп нормаларын ұстану және түрлі құқықтық жағдайда дұрыс шешім қабылдау бойынша тапсырмалар орындады.

Интерактивті форматта өткен іс-шара мемлекеттік қызметшілердің командалық жұмыс дағдыларын жетілдіруге, сондай-ақ заңдылық, адалдық және жауапкершілік қағидаттарының маңызын түсіндіруге бағытталды.
Мұндай іс-шаралар мемлекеттік қызметте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуға, ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын кеңінен насихаттауға ықпал етеді.