Ақпараттық хабарлама
freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Менен кейін 10 әйел алса да, қарсы емеспін": Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі ел алдына шықты

Қоғам •
"Менен кейін 10 әйел алса да, қарсы емеспін": Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі ел алдына шықты
Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі Айман әлеуметтік желіде көпшіліктің сынына жауап беріп, жеке өміріне қатысты мәлімдеме жасады. Ол өзін ешқашан біреудің көңілдесі немесе тоқалы болдым деп есептемейтінін айтып, әзілкешпен қарым-қатынасы туралы ашық жазды, деп хабарлайды Malim.kz.

Айман Instagram парақшасында соңғы уақытта жеке өміріне қатысты айтылып жүрген пікірлерге жауап берген. Ол Тұрсынбек Қабатовпен қарым-қатынасы басталған кезден бастап мұсылмандық жолмен некелескенін мәлімдеді.

"Ешқашан ешкімнің любовницасы да, тоқалы да болған емеспін. Бірінші күннен Алла алдында мешітке барып некелескен, мұсылмандық жолымен, шариғат жолымен некелескен некем бар. Менің де, оның да бір-ақ рет", – деп жазды Айман.

Әзілкештің екінші әйелі өзін қоғамда айтылып жүрген сипаттамалармен байланыстыру дұрыс емес деп санайтынын жеткізді.

"Тұрсынбек сегіз баласын қамтамасыз етіп отыр"

Айман жазбасында Тұрсынбек Қабатовтың әкелік міндеттері туралы да сөз қозғаған. Оның айтуынша, әзілкеш екі отбасының алдындағы жауапкершілігін орындап, балаларын қараусыз қалдырмаған. Айман Қабатовтың сегіз баласының жағдайын жасап, олардың білім алуына және тұрмысына көңіл бөліп жүргенін мәлімдеді.

"Тұрсынбек қай үйде болса да, екі отбасының алдындағы міндеттерін шектеп, азайтып, қараусыз, сұраусыз қалдырған емес ешқашан. Қолыңнан келсе, 8 балаңды асырап, жақсы мектептерде оқытып, жақсы киіндіріп, бар жағдайын жаса", – деді ол.

Айманның бұл сөзі әлеуметтік желілерде әзілкештің отбасылық өміріне байланысты айтылып жүрген сындарға жауап ретінде жарияланған.

"Әйелді әйелге жау етпеңіздер"

Әзілкештің екінші әйелі көпшілікке екі отбасының арасына от салмауды өтінген. Ол Тұрсынбек Қабатовтың бірінші отбасына құрметпен қарайтынын және ешкіммен араздасуды қаламайтынын жеткізді.

"Екі жақты араздастыруды қойыңыздар. Әйелді әйелге жау етпей. Адамның жаманы жоқ. Мен үлкен үйдің әрбір жанын бір адамша сыйлаймын, құрметтеймін", – деп жазды Айман.

Оның сөзінше, отбасылық мәселелерге қатысты сырттан айтылатын пікірлер екі жақтың қарым-қатынасына кері әсер етпеуі керек.

"Менен кейін 10 әйел алса да, Алла қаласа алады"

Айманның жазбасындағы көпшіліктің назарын аударған тұстардың бірі – Тұрсынбек Қабатовтың болашақта тағы да отбасын құруы туралы пікірі. Ол әзілкештің өзінен кейін де үйленуіне қарсы емес екенін білдірді.

"Менен кейін 10 қатын алса да, Алла қаласа алады. Маған десе, әр өңірде бір ұрпағы қалсын. Кім біледі, солардың ішінен бір ел басқаратын, Абайдай ұлы тұлғалар шықпасына кім кепіл? Бұл – біреудің тарихы",– деді ол.

Еске сала кетейік, Тұрсынбек Қабатов ақын Серікзат Дүйсенғазының жұбайы Айнұрмен танысып жүрген кезін еске алып, көпшілік біле бермейтін қызықты оқиғасын айтып берген еді.

Тұрсынбек Қабатов кім?

Тұрсынбек Аманғалиұлы Қабатов – қазақстандық танымал әзілкеш, актер, тележүргізуші және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1979 жылы 10 қазанда Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданына қарасты Ақпәтер ауылында дүниеге келген.

Өнер иесі шығармашылық жолын 2000 жылы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясында бастаған. Кейін Көңілді тапқырлар клубында (КВН) өнер көрсетіп, көпшілікке кеңінен таныла бастады.

Студенттік жылдары "Аграрка сарбаздары", "Астана.kz" және "Казахи" командаларының құрамында ойнады. Әсіресе "Казахи" командасындағы өнері оның танымалдығын арттырды. 2010 жылы аталған команда КВН Жоғарғы лигасының вице-чемпионы атанды.

Кейін Тұрсынбек Қабатов жеке шығармашылығын дамытып, Қазақстанның түрлі қалаларында концерттер ұйымдастырды. Оның әзілдерінің негізгі тақырыптары – күнделікті тұрмыс, отбасылық қарым-қатынас және қоғамдағы өзекті мәселелер. Әзілкеш "Базар жоқ" театрының шығармашылық жобаларына қатысып, "Әзіл әлемі" ұжымының қызметіне де араласқан. Сонымен қатар телевизиялық бағдарламалар мен продюсерлік жобаларда еңбек еткен.

Өнер саласындағы еңбегі үшін 2014 жылы "Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі" атағын алды. Сондай-ақ Қазталов ауданының құрметті азаматы атанды.

2015 жылы Тұрсынбек Қабатовқа "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу