Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатов ақын Серікзат Дүйсенғазының жұбайы Айнұрмен танысып жүрген кезін еске алып, көпшілік біле бермейтін қызықты оқиғасын айтып берді. Оның сөзінше, жас ғашықтар алғашында бір-бірінің тілін түсінбеген, деп хабарлайды Malim.kz.
Тұрсынбек Қабатов бұл туралы 2024 жылы "Жақсы адамдарым" бағдарламасына қатысқан кезде әңгімелеген. Әзілкеш жастық шағында достарымен бірге Астанадағы "Баян" атты кафеде жиі бас қосқанын айтты.
Оның сөзінше, бойдақ кездерінде достарының әрқайсысы кездесіп жүрген қыздарын ертіп келіп, бір дастархан басында отыратын болған. Осындай кездесулердің бірінде Серікзат Дүйсенғазы болашақ жары Айнұрды достарымен таныстырған. Алайда жас жұптың арасында бір қызық ерекшелік болған. Айнұр қазақ тілін білмесе, Серікзат орысша сөйлей алмаған.
"Біз де жас болдық. Астанада "Баян" деген кафеде үнемі бас қосамыз. Бойдақ кезіміз. Бәріміз сол жерге қыздарымызбен келеміз. Бір күні Серікзат Айнұрды алып келді. Ол бірауыз қазақша білмейді. Солтүстік өңірінің қызы. Секең орысша білмейді", – деп еске алды Тұрсынбек Қабатов.
Әзілкештің айтуынша, Айнұр көп сөйлемейтін, салмақты қыз болған. Бір күні достарымен бірге отырған кезде ол үйіне қайтқысы келетінін орыс тілінде жеткізген. Ал Серікзаттың оған берген жауабы дастархан басында отырғандардың бәрін күлдірген.
"Айнұр тұрып: "Серікзат, я пошла домой" деді. Досымыз да саспай: "Пошласы несі, қазір бірге пошла боламыз" деді. Отырған адамдар ду күлді. Біз "Екеуің қалай сөйлесесіңдер?!" деп күлетінбіз", – деді актер.
Тұрсынбек Қабатов сол кездегі достарының арасындағы әзіл-қалжың мен қызықты сәттерді сағынышпен еске алды. Оның айтуынша, екі жастың тілдік айырмашылығына қарамастан, олардың қарым-қатынасы жалғасып, кейін шаңырақ көтерген.
"Қазір Айнұр қазақшаны Серікзаттан да артық біледі"
Әзілкеш Серікзат Дүйсенғазының жұбайымен қарым-қатынасындағы тағы бір ерекшелікке тоқталды. Оның сөзінше, ақын болашақ жарының қазақша білмегеніне қарамастан, өзі орыс тілінде сөйлеуге көшпеген. Керісінше, уақыт өте келе Айнұр қазақ тілін меңгеріп, отбасында қазақша сөйлейтін болған.
Тұрсынбек Қабатов бұл әрекетті жоғары бағалап, өзге азаматтардың да Серікзаттан үлгі алғанын қалайтынын айтты.
"Көп ер-азамат Серікзаттан үлгі алса екен деймін. Әйеліне еріп, орысша сөйлеп кетпей, жарын қазақша сөйлетіп жіберді. Қазір Айнұр қазақшаны Серікзаттан да артық біледі. Балалары да сондай тәрбиелі, қазақша ғана сөйлейді", – деді өнер иесі.
Еске сала кетейік, Тұрсынбек Қабатов концертінде жеке өміріне қатысты айтылып жүрген сын-пікірлерге жауап берген.
Тұрсынбек Қабатов кім?
Тұрсынбек Аманғалиұлы Қабатов – қазақстандық танымал әзілкеш, актер, тележүргізуші және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1979 жылы 10 қазанда Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданына қарасты Ақпәтер ауылында дүниеге келген.
Тұрсынбек Қабатов шығармашылық жолын 2000 жылы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясында бастаған. Кейін Көңілді тапқырлар клубында (КВН) өнер көрсетіп, көпшілікке кеңінен таныла бастады.
Студенттік жылдары "Аграрка сарбаздары", "Астана.kz" және "Казахи" командаларының құрамында ойнады. Әсіресе «Казахи» командасындағы өнері оның танымалдығын арттырды. 2010 жылы бұл команда КВН Жоғарғы лигасының вице-чемпионы атанды.
Кейін әзілкеш жеке шығармашылығын дамытып, Қазақстанның түрлі қалаларында концерттер ұйымдастыра бастады. Оның әзілдерінің негізгі тақырыбы – күнделікті тұрмыс, отбасылық қарым-қатынас және қоғамдағы өзекті мәселелер. Тұрсынбек Қабатов "Базар жоқ" театрының шығармашылық жобаларына қатысып, "Әзіл әлемі" ұжымының қызметіне де араласқан. Сонымен қатар телевизиялық бағдарламалар мен продюсерлік жобаларда еңбек етті.

Өнер саласындағы еңбегі үшін 2014 жылы "Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі" атағын алды. Сондай-ақ Қазталов ауданының құрметті азаматы атанды.
2015 жылы Тұрсынбек Қабатовқа "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілді.
Тұрсынбек Қабатовтың отбасы
Әзілкештің жеке өмірі де көпшілік назарында. Ол бұған дейін продюсер Мөлдір Мұқанмен отбасын құрған. Екеуінің бес баласы бар.

2025 жылы олардың ажырасқаны туралы ақпарат жарияланды. Кейін Мөлдір Мұқан бірнеше сұхбатында отбасылық өміріндегі қиындықтар туралы айтып, ажырасу себебіне қатысты өз пікірін білдірді. Ал Тұрсынбек Қабатов жеке өміріне байланысты айтылған сын-пікірлерге концерттерінде әзіл арқылы жауап беріп жүр.
Бүгінде Тұрсынбек Қабатов қазақ әзіл-сықақ өнерінің танымал өкілдерінің бірі ретінде шығармашылық қызметін жалғастырып келеді.