Әйел ширек ғасыр бірге тұрған күйеуімен ажырасуға арыз берген. Алайда сол кезде оның жасырып жүрген үлкен құпиясы болған. Екі жылдан кейін бұрынғы күйеуінің мекенжайына келген хат бәрін әшкерелеп, мүлік дауы қайта басталған, деп Malim.kz тілшісі Las Vegas Sun басылымында жарияланған материалына сілтеме жасап хабарлайды.
Ажырасуға дейін не болған?
Әйел әріптестерімен бірге лотереяға қатысып, ірі ұтыстан үлес алған. Оған тиесілі сома шамамен 1,3 миллион доллар болған.
Бірақ қуанышты жаңалығын күйеуіне айтпаған. Ұтыс шыққаннан небәрі 11 күн өткен соң ажырасуға арыз берген. Сол кезде ерлі-зайыптылардың отасқанына 25 жыл болған.
Ақша туралы құжаттарда да көрсетпеген
Сот материалдарына сәйкес, әйел ұтысты ажырасу кезінде тапсырған мүлік пен табыс туралы құжаттарына енгізбеген. Лотереяға қатысты хаттар мен төлемдерді анасының мекенжайына жібертіп отырған.
Кейін ол ақшаны өзіне берілген сыйлық деп есептегенін алға тартқан. Алайда сот бұл уәжді қабылдамай, ұтысты ортақ мүлік деп таныған.
Бәрін бір хат әшкерелеген
Ажырасқаннан кейін екі жылдан астам уақыт өткенде бұрынғы күйеуінің үйіне хат келеді. Оны лотереяның алдағы жылдарға бөлінген төлемдерін біржолғы ақшаға айырбастауды ұсынатын компания жіберген.
Хат бұрынғы әйеліне арналған еді. Осылайша ер адам оның лотереядан қомақты ақша ұтқанын алғаш рет білген.
Ол ақпаратты лотерея ұйымдастырушыларынан тексертіп, кейін сотқа жүгінген.
Жартысын емес, түгел беруге міндеттелген
Сот әйелдің ұтысты әдейі жасырғанын анықтаған. Нәтижесінде бұрынғы күйеуіне ақшаның жартысын ғана емес, ұтыстың толық сомасын беру туралы шешім шығарылған.
Әйел бұл шешімге шағымданғанымен, апелляциялық сот та оны күшінде қалдырған. Осылайша бөліскісі келмеген ұтысының түгелінен айырылған.
Бұл оқиға АҚШ-тың Калифорния штатында болған. Ұтыс 1996 жылғы желтоқсанда шығып, неке 1997 жылы бұзылған. Ақшаны бұрынғы күйеуіне беру туралы шешім 1999 жылы шығарылып, 2001 жылғы 22 маусымда апелляциялық сотта күшінде қалған.