Ақпараттық хабарлама
freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Дүниеге көбірек бөпе алып келмегенім-ай": Майра Ілиясова өміріндегі ең ауыр сәтін еске алды

Қоғам •
"Дүниеге көбірек бөпе алып келмегенім-ай": Майра Ілиясова өміріндегі ең ауыр сәтін еске алды
Майра Ілиясова. Фото: ашық дереккөзден (Фото ЖИ арқылы өңделген)

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова өміріндегі өкініші мен қуанышты сәттері туралы сыр шертті. Танымал әнші бір ғана қызы бар екенін айтып, екінші сәбиінен айырылғанын еске алды, деп Malim.kz тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Өнер иесі бұл туралы 2019 жылы берген сұхбатында баяндаған. Әңгіме барысында әнші отбасылық өмірі, ана ретіндегі сезімі, шығармашылық жетістіктері және ұстаздық қызметі туралы айтқан. Журналист Майра Ілиясовадан өмірінде өзін бақытты адам санай ма деп сұраған. Әнші бұл сұраққа жауап бере отырып, адам баласының тағдыры Жаратқанның қолында екенін жеткізген.

"Алла Тағала бақыттымын деп айтқан адамды жақтырмайды" деген сөзді оқып қалып едім. Бәрі бір Алланың қолында ғой. Не берсе де өзі береді. Ал мен бәріне көнемін", – деген өнер иесі.

Сұхбат барысында әнші өткен өміріне көз жүгірткенде көңілінде қалған өкініші де бар екенін жасырмаған. Оның айтуынша, ең үлкен өкініштерінің бірі – көп балалы ана бола алмағаны. Майра Ілиясова жалғыз қызы Тоғжанның бала кезінде бауырсыз өскеніне қынжылғанын айтты.

"Дүниеге көбірек бөпе алып келмегенім-ай деп өкінген сәттерім болды. Бір тал қызым ғана болып қалды. Бұрын қызым Тоғжан үйде жалғыз отырып қалғанда жүрегім ауыратын. Өскенде де бір өзі жүрді", – деп еске алған әнші.

Өнер иесі екінші сәбиін көтергенімен, оның шетінеп кеткенін де айтып, сол жағдайдың жүрегінде ауыр естелік болып қалғанын жеткізген.

"Екінші бөпемді көтердім. Бірақ шетінеп кеткен еді. Соған өкінемін. Осыны қызым тұрмысқа шыққанда айтып жүрдім. Бірақ бір тал қызым он балаға татиды", – деді Майра Ілиясова.

Әнші жалғыз қызының тәрбиесі мен өмірдегі жетістіктеріне риза екенін атап өткен. Оның айтуынша, Тоғжан білімді әрі ақылды болып өскен. Қызының отбасын құрып, немере сүйдіргені де өнер иесіне үлкен қуаныш сыйлаған.

"Қызыма ризамын. Ақылды, білімді. Қазір жап-жақсы күйеубалам, Алланың берген төрт немерем бар", – деген әнші сол кездегі отбасылық қуанышымен бөліскен.

Майра Ілиясова өміріндегі қиындықтарға қарамастан, қуанышты күндерінің де көп болғанын айтқан. Ол өзін тек әнші ретінде ғана емес, ұстаз, шығармашылық ұйымдастырушы және қайырымдылықпен айналысатын адам ретінде де танытқанын жеткізді. Өнер иесінің сөзінше, жылдар бойы жинаған тәжірибесін жас өнерпаздармен бөлісу оның өміріндегі маңызды істердің біріне айналған.

"Ал өмірде қуанышты сәттерім көп. Өмірде, өнерде өзімнің орным бар. Және тек әнші ғана емес, ұстазбын. Қайырымдылық акцияларын өткіземін. Еске алу кештерін жасаймын. Көмек сұрап келгендерге ұстаз, режиссер ретінде кеңестерімді беремін", – деді ол.

Еске сала кетейік, Мақпал Жүнісова анасының 90 жасқа толған мерейтойын отбасымен бірге атап өткен еді.

Майра Ілиясова кім?

Майра Әлімғажықызы Ілиясова – Қазақстанның халық әртісі, белгілі әнші, продюсер, ұстаз және қоғам қайраткері. Ол 1956 жылы 3 мамырда қазіргі Абай облысының Тарбағатай ауданына қарасты Ақсуат ауылында дүниеге келген.

Өнер иесінің балалық шағы оңай болмаған. Ол үш жасында анасынан айырылып, жетінші сыныпта оқып жүргенде әкесі де өмірден өткен. Соған қарамастан, жастайынан ән өнеріне қызығушылық танытып, кейін кәсіби сахнаға жол тартқан.

1979 жылы Алматы эстрадалық-цирк студиясын тәмамдап, Қазақстанның халық әртісі Бекен Жылысбаевтан тәлім алды. Ал 1985 жылы Т. Жүргенов атындағы өнер оқу орнын драма актері мамандығы бойынша бітірді. Мұнда Кәукен Кенжетаев пен Рахилям Машурова сынды белгілі өнер қайраткерлерінен білім алған.

Майра Ілиясова кәсіби шығармашылық жолында «Сазген сазы» фольклорлық ансамблінің әншісі ретінде танылды. Оның орындауындағы халық әндері мен қазақ композиторларының шығармалары тыңдарман ықыласына бөленді.

Әнші ұлттық өнерді насихаттауға бағытталған көптеген шығармашылық жобаларды жүзеге асырды. Атап айтқанда, «Сағындырған әндер-ай», «Жан анам», «Алтын домбыра», «Күміс көмей, жез таңдай» секілді концерттік бағдарламалардың ұйымдастырылуына атсалысты.

Сонымен қатар ол «Майра» продюсерлік орталығын басқарып, жас әншілерге қолдау көрсетіп, өнер саласындағы ұстаздық қызметін жалғастырды.

Майра Ілиясова өмірден өткен белгілі өнерпаздарды ұлықтауға да ерекше көңіл бөліп келеді. Соның ішінде қазақтың танымал әншісі Мәдина Ералиеваны еске алуға арналған шығармашылық кештер ұйымдастырған.

Өнер саласындағы көпжылдық еңбегі үшін 1995 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағына ие болды. 2009 жылы «Құрмет», ал 2013 жылы «Парасат» орденімен марапатталды.

Әншінің жеке өмірі де көпшілікке белгілі. Оның Тоғжан есімді қызы бар. Майра Ілиясова сұхбаттарында отбасы, ана болу бақыты мен өміріндегі өкініштері туралы ашық айтып келеді.

Бүгінде Майра Ілиясова қазақтың дәстүрлі ән өнерін дәріптеп, жас таланттардың қалыптасуына үлес қосып жүрген белгілі мәдениет қайраткерлерінің бірі саналады.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу