16 қараша Қазақстан тарихында шекараны айқындау, ғарыш байланысын дамыту және ұлт тұлғаларын ұлықтау шараларымен есте қалған. Әлемде де бұл күні білім мен мәдениетке, халықтар арасындағы татулыққа қатысты маңызды құжаттар қабылданған, деп хабарлайды Malim.kz.
Қазақстан мен Өзбекстан шекара туралы шартқа қол қойды
2001 жылғы 16 қарашада Астанада Қазақстан мен Өзбекстан басшылары екі елдің мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойды. Құжат ортақ шекараның 96 пайызының өту сызығын айқындады. Қалған учаскелер жөніндегі келісімге 2002 жылы қол қойылып, шекара сызығын анықтау аяқталды. Екі шарт та 2003 жылғы 5 қыркүйекте күшіне енді.
Ақкөлде ғарыш аппараттарын басқару кешені таныстырылды
2005 жылғы 16 қарашада Ақмола облысының Ақкөл қаласында Қазақстанның алғашқы ғарыш аппараттарын жерден басқару кешенінің таныстырылымы өтті. Шараны Республикалық ғарыштық байланыс және радиоэлектронды құралдардың электромагниттік үйлесімділігі орталығы ұйымдастырды. Кешен ғарыш аппараттарының жұмысын жерден бақылап, басқаруға арналған.
Мұхамеджан Тынышбаевқа ескерткіш қойылды
2007 жылы осы күні Сарқан қаласында Алаш қайраткері, теміржол инженері Мұхамеджан Тынышбаевқа ескерткіш ашылды. Ол Түрксіб құрылысына қатысып, теміржолды Шоқпар арқылы өткізу жобасын ұсынған маман ретінде белгілі. Ескерткіштің ашылуына қайраткердің ұрпағы мен қоғам өкілдері қатысты.
Тәжікстанда Қазақ көшесі ашылды
2011 жылғы 16 қарашада Тәжікстанның Қорғантөбе қаласындағы көшелердің біріне "Қазахон", яғни "Қазақ көшесі" атауы берілгеніне орай салтанатты шара өтті. Бұл көшеде этникалық қазақтар тұрып келген. Қорғантөбе қаласының атауы 2018 жылы Бохтар болып өзгертілді.
Токиода қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды
2017 жылғы 16 қарашада Токионың орталық кітапханасында Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды. Оқырмандарға қазақ халқының әдебиетін, салт-дәстүрі мен мәдениетін таныстыруды көздеген орталық "Рухани жаңғыру" бағдарламасының халықаралық таныстырылымы аясында жұмысын бастады.
ЮНЕСКО жарғысы қабылданды
1945 жылғы 16 қарашада Лондонда ЮНЕСКО-ның – БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының жарғысы қабылданды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған ұйым халықтар арасындағы ынтымақтастықты білім, ғылым және мәдениет арқылы нығайтуды мақсат етті. Жарғы 1946 жылғы 4 қарашада күшіне енді.
Төзімділік қағидаттары туралы декларация қабылданды
1995 жылғы 16 қарашада Парижде ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттер Төзімділік қағидаттары туралы декларацияны қабылдады. Құжатта адамдардың тіліне, дініне, мәдениеті мен көзқарасына құрметпен қараудың маңызы айтылған. Осыған байланысты 16 қараша Халықаралық төзімділік күні ретінде аталып өтеді. 1996 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы да бұл күнді жыл сайын атап өтуге шақырды.