Ақпараттық хабарлама
freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Әбден өкіріп жыладым": Шерхан Пірназар Тұңғышбай Жаманқұлов туралы құпияны ашты

Қоғам •
"Әбден өкіріп жыладым": Шерхан Пірназар Тұңғышбай Жаманқұлов туралы құпияны ашты
Шерхан Пірназар мен Тұңғышбай Жаманқұлов. Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Танымал актер Шерхан Пірназар өнер жолындағы қиын кезеңдерді еске алып, белгілі актер, ұстазы Тұңғышбай Жаманқұловтың өзіне көрсеткен көмегі туралы айтып берді. Оның сөзінше, өнер академиясына грантқа түсе алмаған кезде ұстазы төрт жылдық оқу ақысын өз қаражатынан төлеген, деп хабарлайды Malim.kz.

Актер бұл туралы "Түнгі студия" бағдарламасына берген сұхбатында баяндаған. Шерхан Пірназардың айтуынша, ол 2010 жылы мектепті тәмамдағаннан кейін үлкен арманмен Алматыға аттанған. Алғашында әскери мамандықты таңдағанымен, көп ұзамай бұл саланың өзіне сәйкес келмейтінін түсінген. Отбасының жалғыз баласы болғандықтан, әскери оқу орнындағы қатаң тәртіп пен жаңа ортаға бейімделу оңайға соқпаған. Ақырында оқуын тоқтатып, туған жері Қызылордаға оралған.

Кейін Ақмешіт көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжіне автомеханик мамандығы бойынша грантқа қабылданған. Алайда бұл мамандық та көңілінен шықпай, оқуын аяқтамаған. 2012 жылы досы Ақұзақ оған өнер академиясына барып, бағын сынап көруді ұсынған.

"Сөйтіп 2012 жылы Ақұзақ деген досым "Өнер академиясына барайық. Сенің түрің бар, даусың бар. Мүмкін бағыңды сынап көрерсің" деп ұсыныс жасады. Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұлов ұстазым шеберханасына қабылдау жүргізіп жатыр екен. Емтихан тапсырдым", – деп еске алды актер.

Шерхан Пірназар қабылдау емтиханынан 88 балл жинағанымен, мемлекеттік грантқа іліге алмаған. Осы кезде жас жігіт қиын жағдайға тап болған. Алматыда жақын туыстары болмағандықтан, оның тұрақты тұратын жері де жоқ еді. Актердің айтуынша, кей күндері мешітте, тіпті көпқабатты үйлердің кіреберісінде түнеуге мәжбүр болған. Ара-тұра таныстарының жалдамалы пәтерінде қонып, кейін қайтадан баспана іздеген.

Осындай күндердің бірінде күтпеген жерден Тұңғышбай Жаманқұлов хабарласқан.

"Түнгі сағат он жарымда Қаскелеңде мешітте жатсам, Тұңғышбай аға хабарласты. "Осындай жағдай боп тұр, грантқа түсе алмадың. Ақылы түрде оқисың ба? Оқысаң сені өзіме алайын" деді. Ол кезде жас баламын, таңға дейін өкіріп жыладым. Колледжден шығып кеттім, туған-туыстың бетіне қалай қараймын деп ойладым", – деді Шерхан Пірназар.

Келесі күні академияда грант иегерлерінің тізімі жарияланған. Шерхан өзінің есімі бұл тізімде жоқ екенін алдын ала білгендіктен, қатты күйзелген. Сол сәтте бір студент Тұңғышбай Жаманқұловтың шақырып жатқанын жеткізген.

Алғашында ұстазымен кездесуге барғысы келмегенімен, кейін оның шақыруын қабыл алған. Актер академияға келгенде Тұңғышбай Жаманқұлов оқу орнының басшылығымен сөйлесіп, шәкіртін оқуға қабылдаудың мүмкіндігін қарастырып жатқан екен. Кейін ұстазы Шерханға құжаттарын тапсыруды айтып, оқу ақысын өзі төлейтінін жеткізген. Алайда жас актер алғашында бұл сөзге сенбеген. Ол ұстазы өзін жұбату үшін ғана айтып отыр деп ойлаған.

"Бірде Тұңғышбай аға "Бар да құжаттарыңды кадр бөліміне өткіз, ақылы түрде өзім оқытамын" деді. Мен басу айтып жатыр екен деп ойладым. Бәрі мені құттықтап жатыр", – деп еске алды өнер иесі.

Осы уақытта анасы телефон соғып, оқуға түскен-түспегенін сұраған. Шерхан болған жағдайды айтып бергенде, анасы бейтаныс адамдарға сене бермеуді ескертіп, мүмкіндік болмаса Қызылордаға қайтуын өтінген.

"Бір кезде оқуға түскен, түспегенімді білмек болып анам хабарласты. Болған жағдайды айтып едім "Сенбе оларға. Олар алдап кетеді. Оқымасаң оқыма, Қызылордаға қайт" деді", – дейді актер.

Дегенмен Тұңғышбай Жаманқұлов айтқан сөзінде тұрған. Ол шәкіртін өзі ертіп барып, қажетті құжаттарын тапсыруына көмектескен.

"Сөйтіп тұрғанда Тұңғышбай аға келіп екеуіміз кадр бөліміне бірге кірдік. Құжаттарымды тапсырдым, Тұңғышбай аға оқуымды төрт жыл өзі төлеп, оқытып шықты", – деді Шерхан Пірназар.

Бұған дейін Тұңғышбай Жаманқұлов Әуезов театрына жетекшілік еткен жылдарын еске алған еді.

Шерхан Пірназар кім?

Шерхан Әуезханұлы Пірназар – қазақстандық театр және кино актері, тележүргізуші. Ол 1992 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданының Шіркейлі ауылында дүниеге келген. Өнер иесінің балалық шағы Сыр өңірінде өткен. Мектепті аяқтағаннан кейін алғашында әскери мамандықты таңдағанымен, кейін өнер саласына бет бұрған.

2012 жылы Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түсіп, 2016 жылы драма театры және кино актері мамандығы бойынша білімін аяқтаған.

Шерхан Пірназардың кәсіби қалыптасуына белгілі актер, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов ерекше ықпал еткен. Өнерпаздың айтуынша, академияға грантқа түсе алмаған кезде ұстазы оған қаржылай қолдау көрсетіп, білім алуына мүмкіндік жасаған. 2017 жылы Шерхан Пірназар М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамына қабылданды. Театр сахнасында "Қобыланды" қойылымындағы Қобыланды, "Махаббат туралы аңыз" спектакліндегі Қозы, "Қар қызы" шығармасындағы Бақытжан секілді кейіпкерлерді сомдаған.

Актер кино және телевизия саласында да танылды. Ол "Асыл арман", "Жүрек сыры", "Рауза", "Сарбаз", "Мәдениет үйі", "Карантин", "Көкжал 2" сынды жобаларға қатысқан. Әсіресе "Рауза" телехикаясындағы Маңқа есімді кейіпкері арқылы көрерменнің есінде қалды.

Тұңғышбай Жаманқұлов кім?

Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұлов – Қазақстанның халық әртісі, белгілі театр және кино актері, режиссер, педагог және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол 1948 жылы 2 қазанда Жамбыл облысы Байзақ ауданының Абай ауылында дүниеге келген.

Өнерге бала кезінен қызығушылық танытқан Тұңғышбай Жаманқұлов кәсіби шығармашылық жолын 1970 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында бастаған. 1973 жылы Қазақ ұлттық консерваториясының актерлік факультетін тәмамдап, КСРО халық әртісі Хадиша Бөкееваның шеберханасында білім алған.

Әуезов театрының сахнасында ұзақ жылдар еңбек етіп, Бақтығұл, Сырым, Абылай хан, Әбутәліп, Жалмұхан секілді күрделі кейіпкерлерді сомдады. Ол драмалық шығармалардағы актерлік шеберлігімен қазақ театр өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды.

Тұңғышбай Жаманқұлов кино саласында да кеңінен танылды. Ол «Отырардың күйреуі» фильмінде Қайырхан бейнесін сомдап, көрерменнің жоғары бағасына ие болды. Аталған еңбегі үшін 1992 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды.

1993-2001 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бас директоры әрі көркемдік жетекшісі қызметін атқарды.

Тұңғышбай Жаманқұлов өнердегі еңбегі үшін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның халық әртісі атақтарына ие болған. Сондай-ақ "Парасат" және "Достық" ордендерімен марапатталған.

Актердің жұбайы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актриса Дәрия Жүсіп.

Тұңғышбай Жаманқұлов бүгінде қазақ театр және кино өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан, бірнеше буын актерлердің қалыптасуына ықпал еткен белгілі өнер қайраткерлерінің бірі саналады.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу