Белгілі журналист әрі блогер Мөлдір Анарбаева Астанадағы көпқабатты үйлердің бірінен терезеден қомақты ақша шашылған оқиғаға қатысты пікір білдірді. Ол байлыққа қызығып, өзгенің табысына көз тігудің қажеті жоқ екенін айтып, ақшаның адам өміріне әкелетін салдары туралы ой қозғады, деп хабарлайды Malim.kz.
Журналист әлеуметтік желідегі жазбасында әркім өзіне тиесілі дүниеге қанағат етіп, өзгенің қалтасын аңдымауға шақырды. Оның пікірінше, көп ақша адамның тыныштығын бұзып, берекесін қашыруы мүмкін. Әсіресе қаражат заңсыз жолмен табылған болса, оның соңы жақсылыққа апармайды.
«Байдың малын байқұс қызғаныпты болмасын, тыныш отырайық, егер өзінікі болса. Киноң жолда қалды. Халық құдайдың бір аты, ақшаның буы оңдырмайды, әсіресе ұрлық болса. Көп ақшаң болса да бәле, ұйқы жоқ, терезеден лақтырасың», – деп жазды ол.
Мөлдір Анарбаева отбасындағы қаржылық қарым-қатынас мәселесіне де тоқталды. Блогер әйелдердің күйеулерінен өзгелермен бәсекелесіп, барынша көп ақша табуды талап етуін құптамайтынын жеткізді.
«Өткенде ғана айтып едім, "Көп ақша әкелсе байыңнан сұра, айтып отыр жөніңмен жүр!" деп. Бірақ байдың қатыны мені тыңдай ма?! Тып-тыныш тапқан ақшаңызға риза болып, уайымсыз ұйқыңызды қанағат қылыңыз! Байыңызға біреуді үлгі қылып, қалайда көп ақша тап! – дегенді қойыңыз! Қиын…», – деді журналист.
Блогердің жазбасы желі қолданушылары арасында да қызу талқыланды. Кейбір оқырман оқиғаға әзілмен жауап беріп, пікірлерін қалдырған.
«Осындай кезде Астананың желі де болмады ғой», «Аспаннан доллар жауған күнді де көрдік», – деп жазды желі қолданушылары.
Еске салайық, бұған дейін Астанадағы тұрғын үйлердің бірінде терезеден АҚШ доллары шашылғаны туралы ақпарат тараған болатын. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, көпшіліктің назарын аударған еді.