Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты Жолдауын түсіндіру үшін Түркістанға келген республикалық жұмыс тобы қала тұрғындарымен және зиялы қауым өкілдерімен жүздесті. Түркістан қалалық Мәдениет үйінде өткен басқосуда Жолдауда айқындалған басымдықтар мен оларды жүзеге асыру мәселелері сөз болды, деп хабарлайды Malim.kz.

Делегация құрамында ҚР Құрылтайының депутаты Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Абдулла Исматуллаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова және Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев болды. Кездесуге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов те қатысты.

Жиында экономиканы жаңғыртуға қатысты міндеттер кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, өңірге инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне назар аударылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау мен өңдеу ісін жетілдіру, су қорын ұқыпты әрі тиімді пайдалану жайы қаралды.

Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Республикалық жұмыс тобының өкілдері азаматтардың сауалдарына жауап беріп, көтерілген мәселелер жөнінде түсініктеме берді. Басқосу Жолдаудағы міндеттерді өңірдің қажеттіліктерімен байланыстыра талқылауға мүмкіндік берді.

Сапар аясындағы келесі кездесу облыстық жедел медициналық жәрдем станциясында өтті. Мұнда жұмыс тобы денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен жүздесіп, Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген міндеттерге тоқталды.
Медицина мамандарымен өткен басқосуда әлеуметтік саладағы қызмет сапасын арттыру, медициналық көмек көрсету жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту мен саланы жаңғыртуға қатысты бағыттар сөз болды. Жұмыс тобының өкілдері Жолдауда белгіленген басымдықтарды түсіндіріп, олардың сала қызметкерлерінің жұмысына қатысты тұстарын баяндады.
Республикалық жұмыс тобының Түркістан облысына сапары Президент Жолдауының негізгі бағыттарын жұртшылыққа кеңінен түсіндіруді көздейді. Кездесулер барысында мемлекеттік саясаттың басты міндеттері тұрғындармен бірге талқыланып, өңірдегі өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстар тыңдалды.