Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова марқұм жұбайы, мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовті еске алды. Әнші Instagram парақшасында оның өмірден өткен күніне орай архивтегі бейнежазбасын жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі жазбасында жұбайына деген сағынышын білдіріп, оның есімі жүректерінде мәңгі сақталатынын жеткізді.
"Бүгін Зәкеңнің өмірден өткен күні. Топырағыңыз торқа болсын, мәңгілік жүрегіміздесіз", – деп жазды Мақпал Жүнісова.
Жарияланған бейнежазбадан Заманбек Нұрқаділовтің көпшілік ортасында тұрған сәтін көруге болады. Әнші осылайша жұбайының көзі тірісіндегі бейнесін жұртшылықпен бөлісті.
Заманбек Нұрқаділов 2005 жылғы 12 қарашада өмірден өтті. Биыл оның қайтыс болғанына 21 жыл толды. Ол Алматы қаласы мен Алматы облысын басқарған, кейін Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттікке жетекшілік еткен.
Нұрқаділов 1944 жылғы 15 қаңтарда Алматы облысының Нарынқол ауданында дүниеге келген. 1992–1994 жылдары Алматы қаласының әкімі, 1995–1997 жылдары Парламент Мәжілісінің депутаты болды. 1997–2001 жылдары Алматы облысын басқарса, 2001–2004 жылдары Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің төрағасы қызметін атқарды.
Мақпал Жүнісова бұған дейін де жұбайының туған күні мен өмірден өткен күніне орай естеліктерін жариялап жүрген. Мәселен, оның туған күніндегі жазбаларының бірінде жақындарының Құран бағыштап жатқанын айтып, "халқыңыз да сізді ұмытпайды" деген еді.
Мақпал Жүнісова кім?
Мақпал Мұхамедиярқызы Жүнісова – қазақ эстрадасының танымал әншісі, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол 1964 жылғы 11 қаңтарда Қарағанды облысының Теректі ауылында дүниеге келген. 1994 жылы халық әртісі атағын алып, 1999 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Әнге бала кезінен жақын болған Мақпалдың үлкен сахнадағы жолы "Гүлдер" ансамблімен байланысты. Өзінің айтуынша, тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде орындаған Дүнгенбай Ботбаевтың "Ана" әні радиодан берілген. Сол әнді естіген ансамбль директоры Қабиден Тұяқаев жас талантты іздестіріп, Алматыға шақыртқан. Тыңдаудан өткен Мақпал Жүнісова 1981 жылы ұжымға жұмысқа қабылданған.
Ол Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектепте білім алып, қобыз бен домбырада ойнауды үйренген. "Гүлдер" ансамблінде өнер көрсеткен жылдары елге танылып, кейін шығармашылық жолын "Қазақконцерт" бірлестігінде жалғастырды. Шетелдерге гастрольдік сапармен шығып, қазақ әндерін өзге елдердің тыңдарманына да таныстырды.
Әншінің репертуарында махаббат, сағыныш, ана мен туған жер туралы шығармалар көп. Оның орындауындағы "Аққу сазы", "Армандастар", "Ғашық жүрек", "Екі жұлдыз", "Еркетайым", "Жан ана", "Көздеріңе ғашықпын", "Мәңгілік сағыныш" әндері тыңдарманға кеңінен таныс. "Алтын қорда" өнер иесінің әр жылдардағы концерттік жазбалары, соның ішінде "Іздедім сені", "Дүниеде мен сүйетін бір адам бар", "Қыз ғұмыр" секілді әндері сақталған.