Ақпараттық хабарлама
freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

“Бұл ананың жанайқайы емес пе?”: Меруерт Түсіпбаева әкесі мен қызының видеосына алаңдады

Шоу-бизнес •
“Бұл ананың жанайқайы емес пе?”: Меруерт Түсіпбаева әкесі мен қызының видеосына алаңдады
Фото-коллаж: malim.kz/ЖИ арқылы өңделген

Әнші Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желіде қызу талқыланған әкесі мен қызының видеосына қатысты пікір білдірді. Өнер иесі жасөспірімнің жағдайына алаңдап, анасының кейінгі түсініктемесі де өзін ойландырғанын жазды, деп Malim.kz тілшісі әншінің Instagram парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Меруерт Түсіпбаева желіден біраз уақыт демалуды жоспарлағанымен, бұл оқиғаға бейжай қарай алмағанын жеткізді. Ол ұстаз әрі ана ретінде баланың жағдайына назар аудару қажет деп санайды.

"Құрметті оқырманым, демалыста едім. Желіден демаламын деп сөз бергенмін. Бірақ ұстаз ретінде, ана ретінде, қоғам қайраткері ретінде бейжай жата алмадым", – деп жазды әнші.

Өнер иесі видеоны қыздың анасы түсіргеніне назар аударып, бұл жағдайдың астарында көмекке мұқтаждық болуы мүмкін деген жеке болжамын айтты.

"Бұл арнайы көмек керек деген сигнал емес пе екен?! Ананың жанайқайы емес пе екен бұл?"– деп сауал қойды ол.

Түсіпбаева ерлі-зайыптының кейін жариялаған түсініктеме видеосын да көргенін жазды. Әншінің айтуынша, әйелдің күлкісі мен өзін ұстауы оған жасанды көрінген. Дегенмен ол мұның өзінің субъективті әсері екенін де аңғартқан.

Жазба соңында өнер иесі жасөспірім қыз тәрбиелеп отырған аналардан осы оқиғаға қатысты пікір сұрады. Сондай-ақ балаға тиісті мамандардың назар аударуы қажет деген ойын білдірді.

Әкесі мен қызының видеосы неге дау тудырды?

Бұған дейін әлеуметтік желіде Өскеменде түсірілген отбасылық видео тараған. Кадрда ер адам туған күнін атап өтіп жатқан қызын қолына торт ұстап құттықтайды. Желі қолданушыларының бір бөлігі әкесі қызын ернінен сүйген деп қабылдап, оның әрекетіне наразылық білдірген.

Оқиғадан кейін құқық қорғаушы Ләззат Рәкішева полиция мен бала құқықтары жөніндегі уәкілге жүгініп, жасөспірімнің құқықтары мен мүддесі сақталғанын тексеруді сұраған.

Шығыс Қазақстан облысының полициясы деректің тіркелгенін және тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Тексеруге білім басқармасы мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлері де тартылған.

Кейін қыздың ата-анасы бірге видеоүндеу жариялап, оқиғаға қатысты өз түсініктемесін берген. Әкесінің айтуынша, ол 12 жасқа толған тұңғышын құттықтап, бетінен сүйіп, мұрнынан иіскеген. Ер адам желіде айтылған күдіктермен келіспейтінін білдірген.

Ата-анасы полицияға барғанын және тексеруге ашық екенін де айтқан. Отбасы өздеріне қатысты қорлайтын пікірлер мен жарияланымдарды жинап, заңгердің көмегіне жүгінгенін жеткізді.

Анасы суреттердің таралуына қарсы шықты

Қыздың анасы отбасылық фото мен видеолардың жаңалық парақшаларында таралуына қатысты пікір білдірген. Ол жақындарына әр жарияланымның астында отбасын ақтап, түсініктеме жазып әуре болмауды сұраған.

Сонымен қатар отбасы суреттерін рұқсатсыз пайдаланған, өздері жалған деп санайтын ақпарат таратқан парақшаларға және ар-намысына тиетін пікір жазған адамдарға қатысты сотқа жүгінуге ниетті екенін мәлімдеді.

Меруерт Түсіпбаева кім?

Меруерт Түсіпбаева – қазақстандық әнші, театр және кино актрисасы, педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1971 жылы 6 тамызда Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген.

1995 жылы Темірбек Жүргенов атындағы өнер оқу орнын музыкалық театр актері мамандығы бойынша бітірген. Тілектес Мейрамовтың класында білім алған. Еңбек жолында Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет етіп, бірқатар қойылымда рөл сомдаған.

Көпшілікке "Қимай сені барамын" әні арқылы кеңінен танылды. Шығармашылық жолында бірнеше ән жинағын шығарып, жеке концерттерін өткізген. Әншілікпен қатар "Құрдастар", "Жібек" секілді телехикаяларға түскен.

Педагогика ғылымдарының кандидаты. Өнер саласында шәкірт тәрбиелеген. 2015 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болған.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу