Ақпараттық хабарлама
freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Тіл – Алланың құдіретінің арқасында адамдарға берілген үлкен сый": Тоқаев қазақ тілі туралы айтты

Саясат •
"Тіл – Алланың құдіретінің арқасында адамдарға берілген үлкен сый": Тоқаев қазақ тілі туралы айтты
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Х құрылтайында ана тілінің мәртебесін көтеру мен мемлекеттік тілдің тұғырын нығайту мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды Malim.kz.

Президент ана тіліне қатысты мәселенің мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар екенін атап өтті.

"Баршаңызбен бірге Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында бас қосып отырғанымызға ризамын.

Бүгінгі жиынның мән-мағынасы ерекше. Себебі Ана тілі мәселесі, бұл – мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып.

Қазіргі таңда дүние жүзінде тіл өзекті, нәзік мәселеге айналып кетті. Бұл үрдіске бәріміз куә болып отырмыз.

Ең алдымен, осы жерде сөз сөйлеп, мазмұнды ойларын ортаға салған азаматтарға алғысымды білдіремін. Салмақты пікірлер, ұтымды ұсыныстар айтылды. Соның бәрін мұқият қарап, алдағы жұмысымызда міндетті түрде ескеру қажет".

Мемлекет басшысы "Қазақ тілі" қоғамының қызметіне де баға берді. Ол ұйымды мемлекеттік тілдің мызғымас тұғырын нығайтып жүрген аса маңызды құрылым деп атап, оның қалыптасуына еңбек сіңірген ғалымдарды еске алды.

"Сонау 1989 жылы іргесі қаланған ұйымның Егемен ел тарихындағы орны бөлек.

Кезінде көрнекті ғалымдар – академиктер Әбдуәли Қайдар және Өмірзақ Айтбайұлының бастамасымен құрылған «Қазақ тілі» қоғамының тарихи жолын қазіргі буын өкілдері мен белгілі тіл мамандары лайықты жалғастырып келе жатыр.

Бүгінде Ұйым мүшелері көптеген тиімді іс-шараларды, жасампаз жобаларды табысты жүзеге асыруда.

Мен Мемлекет басшысы ретінде «Қазақ тілі» қоғамының әр мүшесіне шынайы ризашылығымды білдіремін".

Тоқаев тілдің бүкіл қоғамға ортақ құндылық екенін айтып, қазақ тілінің абыройын арттыру жолында ел болып еңбек етуге шақырды.

"Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Тіл мерейі – ел мерейі» деген қысқа-нұсқа, мағынасы терең сөзі бар.

Тіл – баршамызға ортақ құндылық. Тіл – Алланың құдіретінің арқасында адамдарға берілген үлкен сый әрі мүмкіндік. Тіл – адамзаттың негізгі жетістігі. Адам баласының ойдағыдай дамуының ең басты себебі де – тіл.

Біз өркениетті ел ретінде ана тіліміз – қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек. Бүгінгі жиынның басты мақсат-міндеті де – осы".

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу