Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияда өткен ХХ жазғы Азия ойындары мен V Азия Пара ойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты. Президент спортшылардың жетістігін жоғары бағалап, олардың жеңісі ел абыройын асқақтатқанын айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық спортшылардың халықаралық жарыстарда көрсеткен нәтижесі бүкіл ел үшін зор мақтаныш екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, ұлттық құрама мүшелері құрлықтың ең мықты спортшыларымен бәсекеге түсіп, Қазақстанның намысын абыроймен қорғады.
"Бұл – мемлекетіміз үшін шын мәнінде үлкен жетістік және зор мақтаныш! Баршаңызға жарқын жеңістеріңіз құтты болсын деймін! Сіздер құрлықтың ең мықты спортшылары қатысқан дүбірлі дода кезінде ел намысын қорғап, жүзден жүйрік шықтыңыздар", – деді Мемлекет басшысы.
Президент әрбір спортшының жеңісі жас ұрпаққа үлгі болып, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыратынын жеткізді. Сондай-ақ ұлттық құраманың табанды еңбегінің арқасында халықаралық жарыстарда Қазақстанның Әнұраны шырқалып, көк Туы көтерілгенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылардың жетістіктерін еліміздегі өзгерістермен байланыстырып, Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің көлемі 398 миллиард долларға жақындауы мүмкін.
"Бұл – біздің аймағымыздағы ең жоғары көрсеткіш болмақ. Бірақ қазіргідей құбылмалы уақытта, әрине, қолда бар табысқа мәз болып, жайбарақат отыруға болмайды. Бәріміз осындай алмағайып заманда еліміздің әлеуетін арттыра түсу үшін белсенді әрі қажырлы еңбек етуіміз керек", – деді Президент.
Қазақстанда спортты дамытуға 616 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған
Мемлекет басшысы спорт саласы әрдайым мемлекеттің назарында болатынын мәлімдеді. Ол былтыр "Дене шынықтыру және спорт туралы" заңға бірқатар маңызды түзету енгізіліп, мемлекеттік деңгейде басымдық берілетін спорт түрлері айқындалғанын еске салды. Президенттің мәліметінше, соңғы бес жылда Қазақстанда спорт саласын дамытуға 616 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған шаралардың нәтижесі халықаралық жарыстардағы жетістіктерден көрініс тауып отырғанын айтты.
Тоқаев Айсұлу Сүлейменованы ерекше атап өтті
Президент Азия Пара ойындарында 100 метрге жүгіруден құрлық рекордын жаңартқан Айсұлу Сүлейменованың жетістігіне арнайы тоқталды.
Мемлекет басшысы оның қайсарлығы мен табандылығын жоғары бағалап, параспортшылардың жетістігі қоғам үшін маңызды үлгі екенін жеткізді.
"Қазақ "Күш – білекте емес, жүректе" дейді. Расында асқақ арман мен мұқалмас жігер тоғысқан жерде алынбайтын асу жоқ. Сондықтан параспортшылардың бойындағы жанкештілік пен табандылық әрдайым зор құрметке лайық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Айсұлу Сүлейменованың спорттағы жетістіктерімен қатар, Құрылтай депутаты ретінде қоғамдық қызметке де белсенді араласып жүргенін атап өтті.
Сөз соңында Мемлекет басшысы Азия ойындары мен Азия Пара ойындарында ел намысын қорғаған спортшыларға алғыс білдіріп, олардың жеңістері қазақстандық жастарға жігер беретінін айтты.