Ақпараттық хабарлама
freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Криштиану Роналду Португалия құрамасындағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді

Спорт •
Криштиану Роналду Португалия құрамасындағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді
Криштиану Роналду. Фото: Stefan Koops/EYE4IMAGES/NurPhoto via Getty Images

Әлем футболының жұлдызы, бес дүркін "Алтын доп" иегері Криштиану Роналду Португалия ұлттық құрамасымен қоштасатынын жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.

41 жастағы футболшы бұл туралы Instagram желісіндегі парақшасында арнайы бейнеүндеу жариялап мәлімдеді. Ол 23 жыл бойы намысын қорғаған ұлттық құрамасындағы жолын аяқтау өзі үшін оңай шешім болмағанын жеткізді. Роналдудың айтуынша, Португалия құрамасының 7-нөмірлі жейдесін кию ол үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік болған.

"Ұлттық құраманың 7-нөмірлі жейдесін қайтаратын уақыт келді. Мен оны ешқашан жеке меншігім деп санаған емеспін. Бірақ 23 жыл бойы осы жейдені мақтанышпен киіп, әлемнің түкпір-түкпіріндегі стадиондарда қорғадым. Енді оны келесі ұрпаққа табыстайтын кез жетті", – деді футболшы.

Португалиялық шабуылшы ұлттық құрамадағы жылдарын еске алып, футболдың өзі үшін тек жеңістер мен рекордтардан тұрмайтынын атап өтті. Оның сөзінше, жанкүйерлердің қолдауы мен ел намысын қорғау сезімі барлық жетістіктен де маңызды. Роналду мансабында қуанышты сәттермен қатар ауыр жеңілістер де аз болмағанын жасырмады. Соған қарамастан, Португалия намысын қорғаған әрбір кездесуін мақтан тұтатынын жеткізді.

Футболшы өзімен бірге алаңға шыққан командаластарына, бапкерлеріне, қызметкерлерге және жанкүйерлеріне алғыс білдірді. Сондай-ақ отбасының қолдауы спорттық жолында ерекше орын алғанын айтты.

"Голдар ұмытылады, жүлделер музейлерде қалады, рекордтар бір күні жаңарады. Бірақ уақыт өшіре алмайтын бір нәрсе бар. Ол – адамдардың жүрегінен алған орнымыз", – деді Роналду.

Айта кетейік, Криштиану Роналду Португалия құрамасында алғаш рет 2003 жылдың тамызында алаңға шыққан. Ұлттық команда сапында 2016 жылғы Еуропа чемпионатында топ жарып, екі мәрте Ұлттар лигасының жеңімпазы атанды.

Ол Португалия құрамасы үшін 234 матч өткізіп, 146 гол соқты. Бұл көрсеткіштер ерлер арасындағы ұлттық құрамалар футболының рекорды саналады.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу