Суға батқан кеменің аспазы теңіз түбінде шамамен 60 сағат отырып, аман қалған. Қаза тапқандардың денелерін іздеуге барған сүңгуірлер оны тірі тапқан, деп Malim.kz тілшісі ABC News пен ITV News басылымдарына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 2013 жылғы мамырда болған. Jascon-4 буксирі таңға жуық қатты толқыннан аударылып, суға батқан. Сол уақытта дәретханада болған аспаз Харрисон Окене сыртқа шыға алмай қалған. Су басқан кеменің ішінен жол іздеген ол бөлмелердің бірінен ауа сақталған қуыс тапқан. Басын судан шығарып, тыныстауға мүмкіндік берген осы орын оның өмірін сақтап қалған.
Кеме шамамен 30 метр тереңдікке шөккен. Окене айналасын су қоршаған тар кеңістікте, қараңғылықта құтқарушыларды күткен. Кемедегі 12 адамның ішінен тек аспаз ғана аман қалған. Оны сүңгуірлер 28 мамырда тапқан.
Ең таңғаларлығы – сүңгуірлер су астына тірі адамды іздеп түспеген. Олар апаттан қаза тапқандардың денелерін шығаруға барған. Алайда су басқан бөлмелерді тексеру кезінде ауа қуысын паналап отырған Окенеге тап болған. Күтпеген кездесу сүңгуірдің камерасына түсіп қалған.
Құтқарушылар оған арнайы тыныс алу жабдығы мен сүңгуір костюмін жеткізген. Бірақ ер адамды бірден су бетіне шығару мүмкін болмаған. Тереңдіктегі қысымда ұзақ отырғандықтан, оны қауіпсіз алып шығу үшін қысымға біртіндеп бейімдеу шаралары қажет болған.
Бұл оқиға ғалымдардың да назарын аударған. Лоуренс Ливермор ұлттық зертханасының мамандары Окененің аман қалуына кемеде жеткілікті көлемде ауа сақталуы мүмкіндік бергенін түсіндірген. Қараңғылықта екі тәуліктен астам уақыт отырған аспаз осы ауа қуысының арқасында құтқарушыларды күтіп жеткен.