Ақпараттық хабарлама
freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Келін түсірген жұлдыздар: танымал енелер қандай?

Шоу-бизнес •
Келін түсірген жұлдыздар: танымал енелер қандай?
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Бірі жас жұбайларды бөлек шығарып, өз алдына өмір сүруіне мүмкіндік береді. Екіншісі келінін әулеттің дәстүрін жалғайтын жан деп біледі. Ал енді бірі күнде хабарласа бермесе де, келіндерінің іздеп тұрғанына қуанады. Динара Сәтжан, Роза Рымбаева және Гүлзира Айдарбекова ене мен келіннің қарым-қатынасы туралы не айтқан? Malim.kz олардың әр жылдары жариялаған жазбалары мен сұхбаттарына шолу жасады.

Динара Сәтжан: "Енді балалардың өз жолы басталды"

Тележүргізуші Динара Сәтжан ұлы Даниал мен келінінің бөлек шыққанын айтып, отбасындағы жаңа кезең туралы ой бөлісті. Оның Instagram-дағы жазбасына қарағанда, жас жұбайлар үйлену тойынан кейін екі ай бойы ата-анасымен бірге тұрған.

Осы уақытта келіні Айнұра жаңа әулеттің күнделікті тіршілігімен, қонақ күту дәстүрімен танысқан. Кейін өз шаңырағында алғаш рет қонақ қабылдаған. Айнұраның анасы Тамара қызының жасауын әкеліп, үлкендер жастардың қуанышына ортақтасқан.

"Енді балалардың өз жолы басталды. Өз шаңырағы, өз жаңалықтары, өз қуаныштары мен өз тәжірибелері болады", – деп жазды Динара Сәтжан.

Тележүргізуші үшін бұл – балаларының есейгенін қабылдайтын кезең. Ол ұл-қыздың өз бетінше өмір сүре бастағанына қуана отырып, ата-ананың өзінің де қызығушылығы мен қуанышын ұмытпауы керегін айтты. Жазбасында әр жастың өз әдемілігі, әр кезеңнің өз бақыты бар екенін жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін Динара Сәтжанның ұлының үйлену тойы туралы жазған едік. Сол кезде жас жұбайлардың Парижге сапарынан шабыт алған той торты көпшіліктің назарын аударған.

Роза Рымбаева: келінін әулеттің жалғасы деп біледі

Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева келіні Ақерке Бүркітбай туралы сұхбаттарында жылы пікір білдіріп келеді. Әнші үшін келін – ұлының жары ғана емес, әулеттің тіршілігін, қонақжайлығын, туыстармен арадағы сыйластығын әрі қарай жалғастыратын адам.

2026 жылғы ақпанда жарияланған сұхбат үзіндісінде ол Ақеркеге деген көзқарасын осылай түсіндірген. Роза Рымбаева өзі де Оқаповтар әулетінің келіні екенін айтып, отбасындағы орнын болашақта Ақерке жалғайтынын жеткізген.

"Менің орнымды басатын от анасы, осы отбасының анасы Ақерке деп санаймын өзім", – деген өнер иесі.

Әнші жастарды бөлек шығару туралы да бұған дейін айтқан. 2021 жылы Нұрлан Албанға берген сұхбатында келінімен бір жыл бірге тұрғанын, кейін үй алып, еншісін бергенін баяндаған.

Сол әңгімеде Роза Рымбаева Ақеркенің өнер адамы екенін, қобызда ойнайтынын, қазақы тәрбие алғанын атап өткен. Ене мен келіннің тіл табысуын екі жақтың түсінігімен байланыстырған. Оның ойынша, сыйластық орнауы үшін ененің келінге, келіннің енеге деген ықыласы қатар жүруі керек.

Гүлзира Айдарбекова: күнде хабарласпаса да, келіндерінің ықыласына қуанады

Продюсер Гүлзира Айдарбекова келіндерімен қарым-қатынасы туралы әлеуметтік желіде жиі бөліседі. Оның жазбаларында отбасылық әзіл де, келіндеріне айтқан алғыс пен ақ тілек те кездеседі.

2024 жылғы қаңтарда жарияланған жазбасында ол балаларының отбасына себепсіз хабарласа бермейтінін айтқан. Ал жұбайы Нұртас балалары, келіндері және немерелерімен күнделікті байланыста болатынын жеткізген.

Келіндерінің өзі іздеп, жағдайын сұрағаны продюсерді ерекше қуантқан. Ол олардың сағынышы мен ықыласын сезетінін жазып, келіндерінің амандығын тілеген.

Ал 2025 жылғы ақпанда сапардан оралғанда жылы қарсы алған келіні Индираға алғыс білдірген. Продюсер келіндерінің өз қолымен нан, бауырсақ пісіріп, дастархан әзірлеп күтетінін айтып, мұндай ықыласты жоғары бағалайтынын жеткізген.

"Күлімдеп келінің жылы қабақпен күтіп жатса, үйдің шамшырағы емей немене?!" – деп жазған ол.

Үш танымал ананың айтқандарынан келінге деген ықыластың әртүрлі көрінісін байқауға болады: жастардың дербестігін қабылдау, әулеттің болашағына сенім арту, күнделікті қамқорлықты бағалау. Дегенмен әлеуметтік желідегі жазба мен сұхбат отбасы өмірінің бір бөлігін ғана көрсетеді. Сондықтан бұл пікірлер олардың қандай ене екенін сырттай бағалаудан гөрі, келінмен қарым-қатынаста нені маңызды санайтынын танытады.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу