Бірі небәрі 29 жасында дүниеден өтті. Екіншісі тіл ғылымына тың тұжырымдар енгізіп жүрген шағында атылды. Тағы бірінің зерттеуін түрме мен жер аудару үзді. Қазақ ғылымының тарихында еңбегін толық аяқтауға ғұмыры жетпеген тұлғалар аз емес. Malim.kz өмірі ерте қиылған, артында маңызды ғылыми мұра қалдырған бес қазақ ғалымына шолу ұсынады.
Шоқан Уәлиханов – 29 жасында ғылымда із қалдырған зерттеуші

Шоқан Уәлихановтың қысқа ғұмырына бірнеше мамандықтың жүгі сыйды. Ол тарих, география, этнография және фольклортану салаларында еңбек етті. 1835 жылы дүниеге келген болашақ ғалым Омбыдағы Сібір кадет корпусында білім алып, жас кезінен Орталық Азия халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуге қызықты.
Шоқанның ғылыми қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі – қырғыз халқының ауыз әдебиетін зерттеуі. Ол "Манас" жырының үлгілерін жазып алып, эпосты тарихи және әдеби тұрғыдан қарастырды. Халықтың тұрмысы, салт-дәстүрі мен дүниетанымын ауыз әдебиеті арқылы түсіндіруге ұмтылды.
1858–1859 жылдардағы Қашғария сапары оның зерттеушілік қабілетін танытқан ірі экспедиция болды. Ғалым сапар барысында өңірдің саяси жағдайы, саудасы, халқы және қоғамдық өмірі туралы мәлімет жинады. Оның еңбектері сол кезеңде сыртқы әлемге аз таныс аймақ туралы ғылыми түсінікті кеңейтті.
Алайда денсаулығының нашарлауы зерттеу жұмыстарын жалғастыруына кедергі келтірді. Шоқан 1865 жылы өкпе ауруынан, небәрі 29 жасында қайтыс болды.
Құдайберген Жұбанов – қазақ тілін ғылыми тұрғыдан зерттеген алғашқы профессор

Құдайберген Жұбанов 1899 жылы дүниеге келген. Ол – тіл білімі саласындағы алғашқы қазақ профессоры, қазақ лингвистикасының қалыптасуына елеулі үлес қосқан ғалым. Оның зерттеулері тілдің дыбыстық жүйесін, сөз құрылысын, сөйлемдегі сөздердің байланысын және тіл тарихын қамтыды.
Жұбанов ғылыми ізденісті ұстаздық қызметпен ұштастырды. 1932 жылдан Қазақ педагогикалық институтында профессор болып, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасын басқарды. Болашақ мамандарды даярлаумен қатар, мектепте қазақ тілін оқыту мәселесіне де көңіл бөлді.
1936 жылы жарық көрген "Қазақ тілінің грамматикасы", "Қазақ тілінің программасы" еңбектері оның ғылыми тұжырымдарын білім беру ісімен байланыстырғанын көрсетеді. Ол тілдік құбылысты сипаттаумен шектелмей, оны оқушыға қалай түсіндіру керектігін де қарастырды. Терминология мен әліпби мәселелеріне араласып, ғылыми ұғымдарды қазақ тілінде жүйелеуге атсалысты.
1937 жылы ғалым "халық жауы" деген жаламен тұтқындалды. 1938 жылғы 25 ақпанда 38 жасында атылды.Кейін оған тағылған айып негізсіз деп танылып, 1957 жылы ақталды.
Қошке Кемеңгерұлы – тарих пен тіл білімін қатар зерттеген оқымысты

Қошке Кемеңгерұлының толық есімі – Қошмұхамбет Дүйсебайұлы Кемеңгеров. 1896 жылы туған ол көпшілікке жазушы, драматург және журналист ретінде таныс. Бірақ оның мұрасында тарихи зерттеу мен тіл біліміне қатысты еңбектер де маңызды орын алады.
Ғалымның 1924 жылы Мәскеуде жарық көрген "Қазақ тарихынан" атты еңбегінде отарлық кезеңдегі қазақ қоғамының тарихы қарастырылған. Бұл кітап оның өткенді зерттеуге, тарихи оқиғаларға өз бағасын беруге ұмтылғанын көрсетеді.
Қошке медицина саласында білім алып жүріп, ағартушылық және баспасөз жұмысынан қол үзбеген. Ташкентте "Ақ жол" газеті мен "Сана" журналында қызмет еткен. Орта Азия университетінде және Түркістан әскери училищесінде қазақ тілінен сабақ берген. Оның шығармашылық және зерттеушілік қызметі тарих, тіл, әдебиет пен педагогиканы тоғыстырды.
1930 жылы аспирантурада оқып жүрген кезінде тұтқындалып, кейін жер аударылды. Бостандыққа шыққан соң дәрігер болып жұмыс істеді. Алайда 1937 жылы қайта ұсталып, сол жылғы 21 қарашада 41 жасында атылды.
Санжар Асфендияров – медицинадан тарих ғылымына келген ғалым

1889 жылы туған Санжар Асфендияров – дәрігер, тарихшы-шығыстанушы және Қазақстандағы жоғары білім мен академиялық ғылымды ұйымдастырушылардың бірі. Ол Санкт-Петербургтегі Әскери-медициналық академияда оқып, Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскери дәрігер қызметін атқарды.
Асфендияровтың ғылыми мұрасында Қазақстан тарихына арналған зерттеулер ерекше орын алады. 1935 жылы "Қазақстан тарихы" еңбегі жарық көрді. Ол ел тарихын тұтас қарастыруға ұмтылған зерттеушілердің бірі болды.
Ғалым Пётр Кунтемен бірге "Прошлое Казахстана в источниках и материалах" атты екі томдық еңбекті дайындауға қатысты. Сондай-ақ 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті зерттеп, осы тақырыпта монография жазды. Оның жұмыстары тарихи деректерді жинау, жариялау және ғылыми айналымға енгізу тұрғысынан маңызды.
Ғалымның ғылыми еңбектері белсенді жариялана бастаған кезеңі саяси қуғын-сүргінмен тұспа-тұс келді. 1938 жылғы 25 ақпанда ол 48 жасында атылды. Үкімнің орындалғанын растайтын құжат Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің виртуалды көрмесінде көрсетілген.
Халел Досмұхамедұлы – қазақша ғылыми тілдің қалыптасуына үлес қосқан дәрігер

Халел Досмұхамедұлы 1883 жылы дүниеге келген. Мамандығы дәрігер болғанымен, оның зерттеушілік қызметі медицинамен шектелмеді. Ол табиғаттану, тіл білімі, тарих және әдебиет салаларында еңбек етті.
Халелдің маңызды жұмыстарының бірі – ғылыми білімді қазақ тілінде түсіндіретін оқулықтар мен оқу құралдарын жазуы. Оның "Табиғаттану", "Жануарлар", "Адамның тән тірлігі" еңбектері ана тіліндегі ғылыми әдебиеттің қалыптасуына үлес қосты. Бұл кітаптар арқылы жаратылыстану мен адам ағзасына қатысты ұғымдарды қазақша жеткізуге күш салды.
Ғалым тілдің дыбыстық жүйесін де зерттеді. "Қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингармонизм заңы" еңбегінде үндестік құбылысын қарастырды. Сонымен бірге халық әдебиеті мен тарихына қатысты материалдар жинап, оларды зерттеу және жариялау ісімен айналысты.
Қуғын-сүргін оның ғылыми және ұстаздық қызметін үзді. 1938 жылы қайта тұтқындалып, кейін Алматыға жеткізілді. Өмірбаяндық деректерде 1939 жылғы 19 тамызда түрме ауруханасында өкпе туберкулезінен қайтыс болғаны көрсетіледі. Ол кезде ғалым 56 жаста еді.
Осы бес тұлғаның тағдыры қазақ ғылымының қандай жағдайда қалыптасқанын көрсетеді. Шоқанның ізденісін ауру тоқтатса, қалған төртеуінің еңбегіне саяси қуғын-сүргін кедергі болды. Олардың артында қалған зерттеулер, оқулықтар мен жинақтар қысқа ғұмырдың өзінде ғылымға қаншалықты маңызды үлес қосуға болатынын танытады.