Танымал актриса әрі продюсер Дариға Бадықова әлеуметтік желіде жеке өмірі мен табысын талқылап, намысына тиетін пікір жазатындарға үн қатты. Өнер иесі бұған дейінгі үнсіздігін әлсіздік деп қабылдамауға шақырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Актриса Instagram парақшасында бірнеше суреттен тұратын көлемді жазба жариялаған. Онда өзгенің тағдырына сырттай үкім шығарып, ауыр сөз айтатын адамдарға наразылығын білдірді.
"Менің парақшама кіріп, өз өмірлеріңе көңілдерің толмағанының уын шашпаңдар!" – деп жазды Дариға Бадықова.
Өнер иесінің айтуынша, біреудің бүгінгі жағдайын мазақ етпес бұрын, әр адам өзінің де ертеңі белгісіз екенін ойлауы керек. Ол ешкім баласының болашағына, денсаулығы мен бақытына толық кепілдік бере алмайтынын айтып, өзгенің өмірін табалаудан аулақ болуға үндеді.
Дариға өзі еңбек етіп, тіршілігін жасап жүргенін жеткізді. Ал жағымсыз пікір қалдыратындарға біреудің өмірін аңдығанша, өздерін дамытуға кеңес берді.
"Менің үндемегенімді әлсіздікке, тәрбиемді қорқақтыққа баламаңдар. Үндемегенге үдемеңдер! Әр нәрсенің шегі бар!" – деді актриса.
Сондай-ақ ол парақшасындағы жарияланымдарды көру ешкімге міндет емес екенін еске салды. Өмірі мен шығармашылығы ұнамайтын адамдарға жазылмауды, парақшасына кірмеуді ұсынды.
"Естеріңде болсын, менің өмірім сендердің талқылайтын меншіктерің емес. Мен сендердің рұқсаттарыңмен өмір сүрмеймін!" – деп жазды өнер иесі.
Актриса табысына қатысты айтылатын сөздерге де тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі жетістігінің артында төрт жыл академияда алған білімі, ұзақ жылғы еңбегі мен табандылығы тұр. Сондықтан өнердегі жұмысын тек ақша табудың амалы ретінде бағалайтын пікірлермен келіспейтінін білдірді.
"Ақша аспаннан түскен жоқ! Біз біреудің қалтасына емес, өз білімімізге, қабілетімізге, еңбегімізге сүйеніп келдік!" – деді ол.
Сонымен бірге Дариға бұл сөздерін барлық оқырманына арнамағанын нақтылады. Өзін қолдайтын, еңбегін бағалайтын жандардың көп екенін айтып, оларға алғыс білдірді. Ал намысына тиетін пікірлерді енді жауапсыз қалдырмайтынын жеткізді.
Дариға Бадықова өзгенің тағдырына төрелік айтуға ешкімнің құқығы жоқ екенін де атап өтті.
"Өз өмірлеріңді жөнге келтіре алмай жүріп, біреудің өміріне төрелік айтатын сендер кімсіңдер?! Құдайдың алдына барып, кімнің тағдыры қалай болатынын көріп келгендей сөйлейтіндеріңді қойыңдар!" – деп жазды актриса.
Өнер иесі сын айту мен адамды қаралаудың екі бөлек нәрсе екенін ескертті. Енді парақшасында орынсыз сөз жазатындарды бұғаттап отыратынын мәлімдеді.
"Менің сөзім барша оқырманға емес, дәл соларға арналған! Іштеріңдегі қызғанышты менің парақшама төкпеңдер! Бұл парақша менікі! Сын айтудың, қаралап артық әңгіме айту екі бөлек! Енді артық әңгіме жазғандарды шығарып отырамын!" – деді ол.
Актриса жағымсыз пікір қалдырған ер адамның парақшасына кіргенін де айтты. Оның бала-шағасы бар екенін көріп, жазғандарын жариялаудан бас тартқан.
"Жазғандарын балалары оқыса, мына әкеміздің аузы дарбаза екен дейді-ау деп!" – деп түсіндірді Дариға.
Жарияланымының соңында өнер иесі: «Енді аямаймын намысқа тиетін адамдарды. Өзімді өзім қорғауым керек!» – деп түйіндеді.
Айта кетейік, бұған дейін Дариға Бадықованың бақыт пен жан тыныштығы туралы жазбасын жариялаған едік. Сондай-ақ соңғы материалдардың бірінде актрисаның бұрынғы жұбайы Дархан Мұсаевтың фильмінің көрсетілімін кейінге шегергені туралы жазған едік. Алайда Дариға бұл жазбасында наразылығының нақты қай оқиғаға байланысты екенін атамаған.
Дариға Бадықова кім?
Дариға Болатқызы Бадықова – театр және кино актрисасы, продюсер. Ол 1985 жылғы 1 желтоқсанда Жамбыл облысының Мойынқұм ауылында дүниеге келген. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған. Өнер жолында Болат Атабаевтың "Ақсарай" музыкалық театрында еңбек еткен.
Көпшілікке "Келінжан" телехикаясындағы Айсара және "Қазақша бизнес" фильмдеріндегі Мақпал рөлдерімен танылды. Актерлікпен қатар продюсерлік қызметпен айналысады. "Таптым-ау сені" романтикалық комедиясында басты рөлдердің бірін сомдап, продюсері болды. Сондай-ақ ән орындап, киножобаларының саундтректерін ұсынған.