Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова әйелге шыдамдылық пен төзімділікті міндеттейтін көзқарасқа қатысты пікір білдірді. Қайрат Нұртастың жұбайы қазақ әдебиетіндегі әйелдер тағдырына тоқталып, шығармаларды оқығанда олардың астарындағы қоғамдық мәселелерді де ескеру қажет екенін жеткізді, деп Malim.kz тілшісі MadeniPortal.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
"Шыдам дегенді неге әйелге әкеп тіреп қойдық?"
Өнер иесі әлеуметтік желідегі жазбасында әйелдің қоғамдағы орны мен оған қойылатын талаптар туралы толғанған. Ол мектеп кезінен таныс әдеби шығармаларда әйел бейнесінің көбіне қайғы-қасіретпен, күреспен және төзіммен қатар суреттелетініне назар аударған.
Жұлдыз Әбдікәрімова қазақ қаламгерлері сомдаған кейіпкерлерді мысалға келтіріп, олардың тағдырына қатысты ойын бөліскен.
"Шыдам дегенді неге әйелге әкеп тіреп қойдық екен, ә? Бәлкім, біз оқыған кітаптар осындай ой салады ма? Мәселен, Міржақыптың Жамалы – махаббат құрбаны. Ғабиттің Ұлпаны – тағдыр тауқыметін тартқан. Әуезовтің Әйгерімі – мұң арқалаған. Сұлтанмахмұттың Қамары – ескі салттың құрбаны. Бейімбеттің Шұғасы – сүйгеніне жете алмаған. Шәкәрімнің Еңлігі – махаббаты үшін жанын қиған", – деп жазды ол.
Актриса осы мысалдар арқылы әйелдің қиындыққа төзе білуін ерекше қасиет ретінде қабылдайтын түсініктің қайдан қалыптасатынына сауал тастаған. Оның жазбасында әдеби кейіпкерлердің басынан өткенін баяндаумен қатар, сол тағдырларды бүгінгі оқырманның қалай түсінетіні туралы мәселе көтерілген.
"Шығарманы сюжет қуып оқу қауіпті"
Жұлдыздың пайымынша, аталған туындылардың мәні әйелдің қайғылы өмірін суреттеумен шектелмейді. Қаламгерлер кейіпкерлері арқылы олардың таңдауына ықпал еткен ортаны, қоғамдық талаптар мен теңсіздікті де көрсетуге тырысқан болуы мүмкін.
Сондықтан ол шығарманы тек кімнің кімді сүйгені, кімнің қандай қиындық көргені тұрғысынан қабылдамауға шақырған. Кейіпкерлердің шешіміне және тағдырына әсер еткен жағдайларға да үңілу қажет екенін жеткізген.
"Қазақ қаламгерлері әйелдің бақытсыздығын емес, оны бақытсыз еткен қоғамды суреттеген шығар. Сондықтан шығарманы сюжет қуып оқу қауіпті", – деді актриса.
Осылайша, өнер иесі әдебиеттегі әйел бейнесін талқылай отырып, оқырманның шығармаға беретін бағасы мен одан түйетін ойына назар аударған.
Қарапайымдылық туралы не айтты?
Жұлдыз Әбдікәрімова жазбасында адам мінезіне қатысты тағы бір түсінікті қозғаған. Ол қарапайымдылық пен қарабайырлықтың арасына шек қою маңызды екенін айтқан.
"Қарапайымдылықты қарабайырлықпен шатастырып алмау маңызды. Жайдақ судың пайдасы мен бұлақтың мөлдіріндей", – деп жазды ол.
Бұл ойымен актриса сырттай ұқсас көрінетін ұғымдардың мәні әртүрлі болуы мүмкін екеніне назар аударған.
"Әжемнің қызымын"
Өнер иесі оқырмандарына балалық шағынан да естелік бөліскен. Ол әжесінің тәрбиесінде өскенін айтып, бірге өткізген уақытты жылылықпен еске алған.
Жұлдыз үшін сол кезеңнің ерекше естеліктерінің бірі – әжесінің түнге ұласқан ертегілері. Актриса есейгенде ғана сол әңгімелердің біразын әжесі өзі ойдан құрастырып айтқанын түсінген.
"Менің балалығым кемпірдің қасында өткен. Әжемнің қызымын. Ол заманда ұялы телефон атымен жоқ, болса да қолжетімсіз еді. Түнді таңға жалғап, ертегі айтатын. Қазір ойлансам, сол ертегілердің біразын өзі ойдан тоқып бере берген екен ғой, жарықтығым", – деп еске алды ол.
Оның балалық шағында бүгінгідей телефонға үңіліп отыру мүмкіндігі болмаған. Әжесінің әңгімелері мен ертегілері сол уақыттағы күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналған.
Жұлдыз Әбдікәрімова кім?

Жұлдыз Әбдікәрімова – қазақстандық театр және кино актрисасы, тележүргізуші. Ол 1988 жылғы 14 сәуірде дүниеге келген. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында актерлік мамандық бойынша білім алған.
Оқуын аяқтағаннан кейін Алматыдағы Жастар театрында екі жыл еңбек еткен. Кейін отбасына көңіл бөліп, шығармашылықтан уақытша үзіліс алған. Көпшілікке танымал әнші Қайрат Нұртастың жұбайы ретінде де белгілі.
2017 жылы «Арман. Періштелер ұйықтағанда» фильмі арқылы кино көрерменіне танылды. Кейін "Ажырасам" отбасылық комедиясында басты рөлдердің бірін сомдады.

Актриса театр сахнасындағы жұмысын да жалғастырған. Түркістан музыкалық драма театрының "Махаббат мұнарасы" қойылымында Сұлу бейнесін алып шықты. Телевизияда да қызмет атқарып, шығармашылығын бірнеше бағытта дамытып келеді.