Әнші Меруерт Түсіпбаева мен актер Бақтияр Қожаның жарнамалық түсірілімдегі суреттері әлеуметтік желіде талқыға түсті. Ұлттық нақыштағы киімдерді таныстырған өнер иелеріне оқырмандар түрлі пікір білдірген, деп хабарлайды Malim.kz.
Қос өнерпаз сән үйінің түсіріліміне қатысқан. Желіге жарияланған кадрларда олар ұлттық үлгідегі киімдермен бірге көрінеді.
Суреттерді көрген бірқатар оқырман әнші мен актердің бір-біріне жарасып тұрғанын жазған. Пікірлер арасында "Екеуі жарасып тұр", "Екі жарты бір бүтін", "Жарасымды жұп шығады" деген жылы лебіздер кездеседі.
Ал кей қолданушы Бақтияр Қожаның отбасылы екенін еске салған. Алайда жарияланған кадрлар сән үйінің жарнамасы үшін түсірілген. Оларды өнер иелерінің жеке өміріндегі жаңалық ретінде қабылдауға негіз жоқ. Ұлт порталы
Меруерт Түсіпбаева кім?
Меруерт Балғабайқызы Түсіпбаева – қазақстандық эстрада әншісі, театр және кино актрисасы, ұстаз. Ол 1971 жылы 6 тамызда Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген.
1995 жылы Темірбек Жүргенов атындағы өнер оқу орнын "Музыкалық театр актері" мамандығы бойынша бітірген. Қазақстанның халық әртісі, профессор Тілектес Мейрамовтың класында білім алған. Кәсіби актерлік дайындық оның театр сахнасында да, эстрадада да өнер көрсетуіне жол ашты.

Өнер жолын театрдан бастаған
Меруерт Түсіпбаева 1995–2001 жылдары Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актриса болып жұмыс істеген. Осы кезеңде "Ұлпан мен Есеней", "Алтын сақа", "Сократ" секілді қойылымдарға қатысқан.
Театрдағы қызметімен қатар әншілік бағытын дамытып, кейін жеке шығармашылығына ден қойған.
Көпшілікке танытқан ән
Әншінің есімін кеңінен танытқан туынды – "Қимай сені барамын". Әннің музыкасын композитор Төлеген Мұхамеджанов, сөзін ақын Шөмішбай Сариев жазған. Тоқсаныншы жылдары тыңдарманға жол тартқан шығарма Меруерт Түсіпбаеваның өнер жолындағы маңызды белеске айналды.
Бұл әнге түсірілген бейнебаян 1996 жылы "Алтын жұлдыз" байқауында үздік үш жұмыстың қатарына енген. madeniportal.kz
Өнер иесі "Төрлетіңіз" бағдарламасында да осы туындының өмірін өзгерткенін айтқан. Оның естелігіне қарағанда, композитор әнді орындағанда дауысты күшейтуге емес, жұмсақ жеткізуге мән беруді ұсынған. Әнші кейін бұл кеңестің маңызын түсінгенін жеткізген.
Ұстаздық пен ғылымды қатар алып жүрген
Меруерт Түсіпбаева сахнадағы қызметімен шектелмей, педагогика саласында да білімін жетілдірген. 2005–2007 жылдары аспирантурада оқып, 2009 жылы педагогика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алған.
Өмірбаяндық деректерге сәйкес, 2009 жылдан бастап Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында және Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде сабақ берген. Әнші Азаттыққа берген сұхбатында да оқытушылық қызметі мен өнердегі еңбегін қатар алып жүргенін баяндаған. on.kz