30 қазан — театр, музыка және спорт саласында жетістікке жеткен бірқатар тұлғаның туған күні. Олардың арасында қазақстандық актриса Рымкеш Омарханова, опера әншісі Медет Чотабаев және үш дүркін Олимпиада чемпионы Томас Моргенштерн бар, деп хабарлайды Malim.kz. Осы күні туған өнерпаздар мен спортшылар туралы қысқаша мәлімет ұсынамыз.
Рымкеш Омарханова

Рымкеш Омарханова 1939 жылғы 30 қазанда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Сарытау ауылында дүниеге келген. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі ұзақ жылдар бойы Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында өнер көрсеткен. Кейін елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың қалыптасуына атсалысты. Оның шығармашылық жолында "Еңлік – Кебек", "Қозы Көрпеш – Баян сұлу", "Абай" секілді қойылымдардағы рөлдердің орны ерекше. Актриса "Құрмет" орденімен марапатталған.
Руслан Сейілханов

Қазақстандық дзюдошы әрі самбошы Руслан Сейілханов 1972 жылғы 30 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Бозанбай ауылында туған. Спортпен 12 жасынан айналыса бастаған. Дзюдодан Азия чемпионаттарының жүлдегері, 1998 жылғы Бангкок Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Самбодан әлем чемпионаттарында күміс және қола медаль жеңіп алған. Сонымен бірге қазақ күресінен Қазақстанның алты дүркін чемпионы болған.
Медет Чотабаев

Опера әншісі, тенор Медет Чотабаев 1981 жылғы 30 қазанда Семей қаласында дүниеге келген. Мұқан Төлебаев атындағы музыка колледжінде, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында және Италияда білім алған. Әншінің репертуарында "Қыз Жібек" операсындағы Төлеген, "Травиатадағы" Альфред, "Богемадағы" Рудольф секілді партиялар бар. Ол — халықаралық вокал байқауларының жеңімпазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және Италия Жұлдызы орденінің кавалері.
Генри Уинклер

Америкалық актер Генри Уинклер 1945 жылғы 30 қазанда Нью-Йоркте туған. Көрерменге "Happy Days" телехикаясындағы Фонзи рөлі арқылы танылды. Кейін "Barry" сериалында актерлік шеберліктен сабақ беретін Джин Кузиноның бейнесін сомдады. Осы рөлі үшін 2018 жылы "Эмми" сыйлығын алды. Уинклер балаларға арналған кітаптардың авторы ретінде де белгілі.
Томас Моргенштерн

Австриялық шаңғымен тұғырдан секіруші Томас Моргенштерн 1986 жылғы 30 қазанда дүниеге келген. Ол — үш дүркін Олимпиада чемпионы және әлем чемпионаттарының бірнеше мәрте жеңімпазы. Спорттық мансабында Әлем кубогының жалпы есебінде екі рет топ жарып, әйгілі "Төрт трамплин турнирін" жеңген. Моргенштерн кәсіби спорттағы жолын 2014 жылы аяқтады.