Ақпараттық хабарлама
freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

20 жылдан кейін табысты: Перзентханада бірге суретке түскен төрт сәби әлеуметтік желі арқылы бір-бірін тапты

Қоғам •
20 жылдан кейін табысты: Перзентханада бірге суретке түскен төрт сәби әлеуметтік желі арқылы бір-бірін тапты
Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Жамбыл облысында 20 жылдан астам уақыт бұрын бір перзентханада дүниеге келген төрт қазақстандық әлеуметтік желінің көмегімен қайта байланыс орнатты. Санжар Даярбек есімді жігіт сәби кезінде бірге түскен суретті Threads желісіне жариялап, ондағы үш баланы да тауып алған, деп Malim.kz тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға әлеуметтік желі қолданушыларының қызығушылығын тудырды. Барлығы 2005 жылдың қаңтарында Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы перзентханада түсірілген ескі суреттен басталған.

Санжар Даярбектің айтуынша, оның отбасылық фотоальбомында бала кезіндегі көптеген суреттер сақталған. Солардың бірі – перзентханада басқа үш нәрестемен бірге түскен фотосурет. Жігіт бір күні ескі суретті қайта көріп, ондағы балалардың қазір қайда жүргенін білгісі келген.

"Перзентханада түскен осы суретімді бұрыннан көріп жүретінмін. Бір күні оны галереядан көріп қалып, суреттегі балалар қазір қайда жүр екен деп ойладым. Содан Threads желісіне жариялап, іздеп көрмек болдым", – дейді Санжар.

Көп ұзамай оның жазбасы желіде кеңінен таралып, қолданушылар суреттегі балаларды іздеуге көмектесе бастаған. Алғаш болып Дана есімді қыз хабарласып, фотосуреттегі төрт нәрестенің бірі өзі екенін айтқан.

20 жыл бұрынғы бір сурет төрт қазақстандықты қайта табыстырды

Одан кейін Анель есімді қыз да желіге шығып, өзінің сол суретте бар екенін растаған. Тіпті ол фотосуреттің жалғасын жариялаған. Ал төртінші баланың кім екенін анықтауға оның анасы көмектескен. Әйел жазбаның астына пікір қалдырып, суреттегі сәбидің өзінің ұлы Әділет екенін жеткізген. Осылайша, 20 жылдан астам уақыт бұрын бір перзентханада бірге жатқан төрт баланың барлығы табылды. Олар – Санжар, Анель, Дана және Әділет.

"Бірінші болып Дана шықты. Ол суреттегі төрт баланың бірі екенін жазды. Одан кейін Анель суреттің жалғасын салып, өзінің де сол балалардың бірі екенін айтты. Сөйтіп, іздеуіміз жалғаса берді", – деп еске алды жігіт.

Қазір олардың арасында байланыс орнаған. Әділет Көкшетауда, ал Дана Тараз қаласында тұрады. Арадағы қашықтыққа байланысты төртеуі әзірге толық құрамда кездесе алмаған. Дегенмен Санжар мен Анель жүздесіп, бірге суретке түсіп үлгерген.

Жастардың әлеуметтік желідегі ортақ чаты да көпшіліктің назарын аударды. Олар өз топтарын әзілдеп "Роддомдастар" деп атаған.

Желі қолданушыларының көбі ерекше оқиғаға қуанып, төрт жастың болашақта бас қосуына тілектестік білдірген. Санжар Даярбек болса, төртеуі толық құрамда жиналып, 2005 жылғы тарихи суретті қайта түсіруді армандайтынын жеткізді.

"Бұйырса, мүмкіндік болса, жиналып, тағы бір рет осындай суретке түскіміз келеді. Осы оқиғаға көп адам көмектесті. Ең алдымен, Алланың қалауымен, одан кейін Threads желісіндегі қолданушылардың арқасында төртеуіміз де табылдық", – дейді ол.

Айта кетейік, Санжар Даярбек Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдаған. Қазір Алматы коммуналдық колледжінде мұғалім болып еңбек етеді. Сонымен қатар айтыскер ақын ретінде де танылып жүр.

Бір кездері перзентханада кездейсоқ бірге суретке түскен төрт сәби араға жиырма жылдан астам уақыт салып, әлеуметтік желі арқылы қайта табысты

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу