Ақпараттық хабарлама
freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Бюджет қаржысының нақты қайтарымы болуы керек": Экономист Жолдаудағы бастаманы талдады

Экономика •
"Бюджет қаржысының нақты қайтарымы болуы керек": Экономист Жолдаудағы бастаманы талдады
Аида Жағыпарова. Фото: жеке мұрағаттан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерін кеңінен тарту қажеттігі айтылды. Экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Аида Жағыпарова бұл бастаманың отандық кәсіпкерлікті дамытуға, өңірлердегі экономикалық белсенділікті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Профессордың пікірінше, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік инвестициялардың тиімділігіне ғана емес, сол қаражаттың жергілікті экономикаға қаншалықты пайда әкелетініне де назар аудару қажет.

"Экономист ретінде бұл бастаманың маңызын мемлекеттік инвестициялардың отандық кәсіпкерлікті дамытуға ықпалынан көремін. Ірі инфрақұрылымдық жобалар көптеген тауарлар мен қызметтерге сұраныс қалыптастырады. Осы сұраныстың бір бөлігін жергілікті кәсіпорындар қамтамасыз етсе, бюджет қаражатының өңір экономикасына әсері де арта түседі", – дейді Аида Жағыпарова.

Оның айтуынша, мемлекеттік жобаларға қатысу шағын және орта бизнес үшін өндіріс көлемін ұлғайтуға, техникалық мүмкіндіктерін жаңартуға және қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға жол ашады.

Әсіресе тұрақты тапсырыстың болуы кәсіпкерлерге ұзақ мерзімді жоспар құруға мүмкіндік береді. Ал ірі жобалар аясында қойылатын сапа мен мерзім талаптары кәсіпорындардың жауапкершілігін арттырып, нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.

Бір мемлекеттік тапсырыс бірнеше кәсіпорынды жұмыспен қамтуы мүмкін

Экономист инфрақұрылымдық жобалардың өңірлер үшін маңызды артықшылықтарының бірі олардың мультипликативтік әсері екенін атап өтті. Яғни, бір жобаға бөлінген қаражат тек негізгі мердігерге ғана емес, онымен жұмыс істейтін өзге де кәсіпорындарға экономикалық мүмкіндік береді.

"Жергілікті бизнесті тартудың маңызды тұсы – бір тапсырыстың бірнеше кәсіпорынға жұмыс беруінде. Мысалы, құрылыс компаниясы өңірдегі өндірушіден материал сатып алады, тасымалдаушының, жөндеу кәсіпорнының қызметін пайдаланады. Экономикада мұны мультипликативтік әсер деп атаймыз: бір жобаға салынған қаржы басқа салалардағы іскерлік белсенділікті де арттырады", – деп түсіндірді профессор.

Маманның сөзінше, тапсырыстардың артуы қосымша жұмыс күшіне сұранысты көбейтіп, тұрғындарды жұмыспен қамтуға, халық табысының өсуіне және жергілікті бюджет кірістерінің ұлғаюына ықпал етуі мүмкін. Алайда ол уақытша және тұрақты жұмыс орындарының арасындағы айырмашылықты ескеру қажеттігін жеткізді.

"Құрылыс кезеңіндегі жұмыспен қамту мен тұрақты жұмыс орындарын ажырата білу керек. Өңір үшін негізгі нәтиже – жоба аяқталғаннан кейін де жұмыс істей алатын кәсіпорындардың қалыптасуы. Сондықтан нысанды кейін пайдалану және оған қызмет көрсету жұмыстарына да жергілікті бизнестің қатысуын қарастырған жөн", – деді Аида Жағыпарова.

"Кәсіпкерлерге тек тапсырыс емес, нақты жағдай жасалуы қажет"

Профессордың айтуынша, қазақстандық шағын және орта бизнес өкілдерінің ірі мемлекеттік жобаларға қатысу мүмкіндіктері бірдей емес. Бұл кәсіпорынның орналасқан өңіріне, жұмыс бағытына, қаржылық жағдайына және техникалық әлеуетіне байланысты. Сондықтан әр өңірдегі кәсіпорындардың мүмкіндігін алдын ала зерттеп, қандай жұмыстарды жергілікті бизнес атқара алатынын анықтау маңызды.

"Бір кәсіпорынға қаржы жетіспеуі мүмкін, екіншісіне техника немесе білікті маман қажет. Меніңше, ең алдымен тапсырыстар туралы ақпарат алдын ала қолжетімді болуы тиіс. Сонда кәсіпкерлер өз мүмкіндігін бағалап, дайындала алады. Техникалық тұрғыдан бөлуге болатын жұмыстарды шағын бизнеске қолайлы көлемде ұсыну да маңызды", – дейді экономист.

Аида Жағыпарова кәсіпкерлерді қолдауда қаржылық тетіктердің де ерекше рөл атқаратынын атап өтті.

Оның пікірінше, шағын кәсіпорындарға айналым қаражатына қол жеткізу, негізделген аванстық төлемдер алу және орындалған жұмыс үшін ақысын уақытылы өндіріп алу мүмкіндігі қамтамасыз етілуі тиіс.

"Шағын кәсіпорынның қаржы қоры шектеулі. Орындалған жұмыстың ақысы кешіксе, бұл оның жалақы төлеуіне де, келесі тапсырысты орындауына да әсер етеді. Сондықтан төлем тәртібі – осы бастаманың нәтижесіне тікелей ықпал ететін мәселе", – деді профессор.

Мемлекеттік инвестицияның нақты қайтарымы қандай болуы керек?

Аида Жағыпарованың пікірінше, инфрақұрылымға салынған инвестицияның шынайы нәтижесі құрылыс аяқталғаннан кейін айқындала бастайды.

Мәселен, сапалы жолдар кәсіпкерлердің тасымал шығындарын төмендетсе, сенімді инженерлік желілер өндірістің үздіксіз жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Мұндай өзгерістер өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа кәсіпорындардың ашылуына алғышарт қалыптастыруы мүмкін.

"Инфрақұрылымға салынған қаржының қайтарымы нысан пайдалануға берілгеннен кейін көрінеді. Сапалы жол тасымал шығынын азайтады, сенімді инженерлік желілер өндірістің тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Осының өзі өңірде жаңа кәсіпорындардың ашылуына және жеке инвестициялардың келуіне ықпал етуі мүмкін", – деді ол.

Сарапшының айтуынша, құрылысқа жергілікті кәсіпорындардың қатысуы өңірде тек жаңа нысандардың пайда болуымен шектелмейді. Мұндай жобалар нәтижесінде кәсіпкерлердің тәжірибесі артып, техникалық базасы нығаяды және білікті мамандар қалыптасады. Бұл өз кезегінде болашақтағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға негіз бола алады. Дегенмен профессор мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін тек игерілген қаражат көлемімен бағалау жеткіліксіз екенін айтты.

"Бастаманың тиімділігі үшін жобаның экономикалық негіздемесіне, мердігерлерді ашық іріктеуге, жұмыс сапасы мен төлем тәртібіне басымдық берген дұрыс. Нәтижені бағалағанда игерілген қаражатпен қатар, жергілікті кәсіпорындар алған тапсырыстарға, сақталған тұрақты жұмыс орындарына және инфрақұрылымның бизнес шығындарын қаншалықты азайтқанына қарау қажет. Сонда мемлекеттік қаражаттың нақты экономикалық және әлеуметтік қайтарымын көре аламыз", – деп қорытындылады экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Аида Жағыпарова.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу