freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Қазақстан мұнай кірістеріне тәуелділікті азайтуға бет алды" – экономист Дастан Қаратаев

Экономика •
"Қазақстан мұнай кірістеріне тәуелділікті азайтуға бет алды" – экономист Дастан Қаратаев
Дастан Қаратаев. Фото: жеке мұрағаттан

Биыл елімізде жаңа Салық кодексі күшіне енді. ҚҚС мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға өсті, арнайы салық режимдерінің саны қысқарды, салықтық әкімшілендіруді жеңілдету тетіктері енгізілді. Реформаның басты мақсатының бірі – бюджет кірісін арттырып, Ұлттық қорға тәуелділікті азайту.

Алайда жаңа жүйе бизнес пен халыққа қандай әсер етті? ҚҚС-тың өсуі инфляцияны қаншалықты күшейтті? Шағын және орта бизнеске уәде етілген жеңілдіктер сезілді ме? Ал салық реформасы Қазақстанды мұнай кірістеріне тәуелділіктен шынымен алыстата ала ма?

Malim.kz тілшісі осы сауалдарды экономист Дастан Қаратаевқа қойып, жаңа Салық кодексінің алғашқы 9 айдағы нәтижесін және реформаның Қасым-Жомарт Тоқаевтың 7 жылдық экономикалық саясатындағы орнын талқылады.

– Биылдан бастап жаңа Салық кодексі жұмыс істеп келеді. 9 айға жуық уақыт өткен соң реформаның алғашқы нәтижесін қалай бағалауға болады? Бастапқыда қойылған негізгі мақсат орындалып жатыр ма? 

– Меніңше, жаңа Салық кодексінің алғашқы тоғыз айын бірден "реформа сәтті болды" немесе "сәтсіз болды" деп бағалау әлі ерте. Бірақ алғашқы нәтижелер оның негізгі фискалдық мақсаты орындалып келе жатқанын көрсетеді.

Ең алдымен, бюджет кірісі бойынша оң динамика бар. 2026 жылдың бірінші тоқсанында трансферттерді есептемегендегі мемлекеттік бюджет кірісі 6,44 трлн теңге болды. Бұл жоспардың 104,4%-ы және өткен жылдың осы кезеңінен 16,9%-ға жоғары. Республикалық бюджет кірісі де жоспардан асып, 4,16 трлн теңгеге жетті. Салық түсімдерінің өзі 4,08 трлн теңге болып, бір жылда 31,5%-ға өсті. Бірақ бұл өсімнің бәрін жаңа Салық кодексінің нәтижесі деп айту дұрыс емес. Бұған қоса 2026 жылдың бірінші тоқсанында 2025 жылдың төртінші тоқсанындағы айналым бойынша есептелген 12%-дық ҚҚС төлемдері де бюджетке түсті. Сонымен бірге экспорттық тауарлардың бағасы, импорт көлемі және әкімшілендіру нәтижелері де кірістің өсуіне әсер етті.

Сондықтан алғашқы қорытынды мынадай: реформа бюджетке түсетін кірісті күшейтті, салық базасын кеңейтуге мүмкіндік берді. Енді негізгі мәселе – бұл өсімнің тұрақты болуы және оның экономиканың нақты секторын тежеп жібермеуі. Реформаның толық нәтижесін кемінде 2026 жылдың қорытындысынан кейін бағалау дұрысырақ.

– Реформаның халыққа ең қатты сезілген өзгерістерінің бірі – ҚҚС мөлшерлемесінің 12%-дан 16%-ға өсуі. Бұл шешім бюджет кірісіне, тауарлар мен қызметтердің бағасына және инфляцияға қалай әсер етті?

– ҚҚС-тың 12%-дан 16%-ға көтерілуі – осы реформаның халыққа ең тез сезілген бөлігі. Жаңа ставка 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілді.

Қарапайым есеппен айтсақ, салыққа дейінгі тауар бағасы 100 теңге болса, бұрын тұтынушы 112 теңге төлейтін. Қазір ол 116 теңге болады. Яғни ҚҚС-тың толық өсімі бағаға берілсе, соңғы баға шамамен 3,6%-ға қымбаттайды. Бірақ іс жүзінде барлық тауар мен қызметтің бағасы дәл осынша өспейді. Себебі кәсіпкерлердің бір бөлігі қосымша салық жүктемесін маржасы арқылы сіңіреді, енді бір бөлігі бағаны көтереді. Инфляция көрсеткіштері де осыны көрсетеді. 2026 жылдың қыркүйегінде жылдық инфляция 9,3% болды. Тамызда ол 9,8% еді. Азық-түлік 8,5%-ға, азық-түлік емес тауарлар 11%-ға, ақылы қызметтер 8,9%-ға қымбаттады. Демек, қазір инфляцияның 9,3%-дық деңгейін тек ҚҚС-пен түсіндіру дұрыс емес.

Екінші жағынан, ҚҚС бюджет кірісін ұлғайтуға нақты әсер етіп отыр. Бірінші тоқсанда импортқа салынатын ҚҚС 24,2%-ға өскен. Бірақ бұл жерде де ставканың өсуімен қатар импорт көлемі мен салықтық әкімшілендірудің әсері бар.

Сондықтан менің бағамым: ҚҚС көтеру қысқа мерзімде бағаға белгілі бір қысым жасады, бірақ қазіргі 9,3%-дық инфляцияның барлығын осы шешіммен байланыстыруға болмайды. Оның есесіне бюджет үшін бұл анағұрлым тұрақты кіріс көзіне айналып келеді.

– Президенттің экономикалық саясатында бірнеше жылдан бері мемлекеттің бизнестегі үлесін азайту, кәсіпкерлікті қолдау мен салықтық әкімшілендіруді жеңілдету мәселесі көтеріліп келеді. Жаңа Салық кодексінде арнайы салық режимдерінің саны жетіден үшке қысқарды, есептілікті оңтайландыру қарастырылды. Осы өзгерістер алғашқы тоғыз айда шағын және орта бизнеске нақты жеңілдік бере алды ма?

– Бұл жерде реформаның ең үлкен артықшылығы – салық режимдерінің санын қысқартуда емес, жүйені түсініктірек етуге жасалған қадамда деп ойлаймын.

Жаңа кодексте арнайы салық режимдері үш негізгі бағытқа жинақталды. Мысалы, оңайлатылған декларация режимінің жеке тәртібі бар, ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға да бөлек режим қарастырылған. Бұл шағын бизнес үшін таңдау жасауды жеңілдетуі керек. Сонымен бірге 2026 жылғы салық есептілігінің күнтізбесінде оңайлатылған декларация бойынша есептілік жылына емес, салықтық кезеңге байланысты жеңілдетілген тәртіппен берілетіні көрсетілген. Бірақ "ШОБ-тың салық жүктемесі бірден азайды" деп айтуға негіз аз. Себебі бір жағынан есептілік пен режимдер жеңілдесе, екінші жағынан ҚҚС ставкасы 16%-ға көтерілді және кейбір кәсіпкерлер жалпы режимге жақындады. Нақты бизнес белсенділігі бойынша әзірге оң белгілер бар. Мысалы, Астанада 2026 жылы жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 273 мыңнан асып, бір жылда 10,1%-ға өскен. Бұл секторда 557,2 мың адам жұмыс істейді.

Бірақ бұл көрсеткішті тек Салық кодексінің нәтижесі деп қабылдауға болмайды. Сондықтан алғашқы тоғыз айдағы қорытындым: әкімшілік тұрғыдан жеңілдік бар, бірақ оның бизнестің шығыны мен таза пайдасына әсерін толық бағалау үшін кемінде бір жылдық статистика керек.

– Қазақстан бюджетінің Ұлттық қор трансферттеріне тәуелділігі ұзақ уақыттан бері талқыланып келеді. Қазіргі салық реформасы бюджет тапшылығын азайтып, мұнай кірістеріне тәуелділікті төмендете ала ма?

– Бұл реформа бюджет тапшылығын бір жылдың ішінде жойып жібереді деп күтуге болмайды. Бірақ бағыт өзгеріп келе жатқаны анық. 2026 жылғы республикалық бюджетте тапшылық ЖІӨ-нің 2,5%-ы деңгейінде жоспарланған. Үкімет оны 2028 жылға қарай 0,9%-ға дейін түсіруді көздеп отыр. Бұл өте маңызды мақсат, себебі тапшылықты қысқарту үшін тек салықты көтеру жеткіліксіз – шығыстарды да тәртіпке келтіру керек.

Мұнай кірістеріне тәуелділікті азайту жағынан да өзгеріс бар. 2026 жылы республикалық бюджетке Ұлттық қордан 2,77 трлн теңге кепілдендірілген трансферт қарастырылған. Ал ең маңыздысы – соңғы бес жылда алғаш рет бюджетте Ұлттық қордан нысаналы трансферт қарастырылмаған. Салыстыру үшін, 2025 жылы мұндай нысаналы трансферт 3,25 трлн теңге болған.

Яғни мемлекет бір жағынан салық түсімдерін көбейтіп, екінші жағынан мұнай қорынан қосымша ақша алуды шектеуге тырысып отыр. Бұл – дұрыс бағыт. Бірақ мәселе толық шешілді деуге әлі ерте. Өйткені 2,77 трлн теңге кепілдендірілген трансферттің өзі бюджет үшін елеулі сома. Сондықтан түпкі мақсат – мұнай бағасы жоғары болған кезде ғана емес, мұнай бағасы төмендеген жағдайда да бюджет шығыстарын тұрақты қаржыландыра алатын салық базасын қалыптастыру.

Меніңше, қазіргі реформаның ең маңызды нәтижесі дәл осы: бюджетті мұнай ақшасына емес, ішкі экономикадан жиналатын тұрақты салықтарға біртіндеп сүйендіру.

– Жаңа Салық кодексін Қасым-Жомарт Тоқаевтың кейінгі 7 жылдағы экономикалық саясатының контексінде қарастырсақ, Қазақстанның салық-бюджет саясатында қандай түбегейлі өзгерістер болды? Қазіргі реформа сол саясаттың заңды жалғасы ма?

– Егер 2019 жылдан бергі кезеңге тұтас қарайтын болсақ, Қазақстанның салық-бюджет саясатындағы басты өзгеріс – мемлекеттің экономикалық рөлін қайта қарау және бюджеттің тұрақтылығын күшейту талпынысы. 

Бірінші кезеңде негізгі мәселе экономиканы қолдау, пандемиядан кейінгі қалпына келу және әлеуметтік шығыстарды қаржыландыру болды. Соның салдарынан бюджет шығыстары мен трансферттерге қажеттілік жоғары болды. Кейін саясат біртіндеп басқа бағытқа ауысты: салық базасын кеңейту, көлеңкелі экономиканы қысқарту, салықтық әкімшілендіруді цифрландыру және Ұлттық қордан берілетін ақшаны шектеу алдыңғы орынға шықты. Мұны нақты сандардан да көруге болады. 2025 жылы республикалық бюджетке Ұлттық қордан 5,25 трлн теңге трансферт қарастырылған еді. Оның ішінде кепілдендірілген трансферт 2 трлн теңге, нысаналы трансферт 3,25 трлн теңге болды. Ал 2026 жылы нысаналы трансферттен бас тартылып, кепілдендірілген трансферт 2,77 трлн теңге болып отыр.

Екінші үлкен өзгеріс – салық жүйесінің өзіне қатысты. Бұрынғы көптеген арнайы режимдердің орнына үш негізгі режим қалдырылды, ҚҚС 16%-ға көтерілді, ал салықтық әкімшілендіруді жеңілдету көзделді.

Сондықтан қазіргі реформаны Тоқаевтың экономикалық саясатының бөлек тұрған қадамы емес, соңғы бірнеше жылдағы саясаттың жалғасы деп бағалар едім. Оның логикасы қарапайым: мемлекет бюджетке көбірек ақша жинауы керек, бірақ мұны экономиканы тұншықтыру арқылы емес, салық базасын кеңейту, көлеңкелі айналымды қысқарту және мұнай кірістеріне тәуелділікті азайту арқылы жасау керек.

Әзірге бұл модельдің ең әлсіз тұсы – салық түсімін көбейту мен бизнестің шығынын арттырмаудың арасындағы тепе-теңдік. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айы осы тепе-теңдіктің қаншалықты дұрыс құрылғанын толық көрсетуге әлі ерте, бірақ алғашқы деректер реформаның фискалдық бөлігінің жұмыс істей бастағанын көрсетіп отыр.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу