Әнші Қайрат Нұртас пен актриса Жұлдыз Әбдікәрімованың қызы Алау Қайратқызы "Шымыр" фильмінде басты рөлдердің бірін сомдады. Жас актриса әлеуметтік желідегі парақшасында бұл жобаның өзі үшін ерекше екенін айтып, көрермендерді кинотеатрға шақырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Алау фильмнің таныстырылымынан ата-анасымен бірге түскен суретін жариялады. Ол жаңа туындыны шығармашылық жолындағы маңызды қадамдардың бірі деп бағалап, түсірілімнен мол тәжірибе алғанын жеткізді.
"Бұл – менің алғашқы басты рөлдердің бірін сомдаған фильмім!" — деп жазды Алау.
Оның айтуынша, жоба ұмытылмас естеліктер сыйлаған. Жас актриса кейіпкерінің әр сезімін шынайы жеткізуге тырысып, рөліне бар ықыласымен дайындалғанын айтты. Сондай-ақ еңбегінің нәтижесін көрерменге ұсынатын сәт келгеніне қуанып, көпшіліктің қолдауы өзі үшін қымбат екенін жеткізді.
Қайрат Нұртас қызының жетістігіне қуанды
Қызының кино саласындағы қадамы Қайрат Нұртасты да толқытқан. Әнші видеода "Алау Қайратқызы" деген есімді көргенде жүрегі елжіреп кеткенін айтты.
Алау жариялаған суретте әкесі мен анасы оның жанынан табылған. Қолына үлкен гүл шоғын ұстаған жас актриса өміріндегі маңызды сәтті ата-анасымен бірге бөліскен.
"Шымыр" қандай фильм?
"Шымыр" – экшн жанрындағы қазақстандық фильм. Туындының режиссері – Анвар Матжанов. Актерлік құрамда Алаумен бірге Еркебұлан Дайыров, Ақбота-Нұр, Азамат Сатыбалды, Қуантай Әбдімәди және Олжас Тоғымбет бар. Фильм 29 қазаннан бастап кинотеатрларда көрсетіледі. Жас шектеуі – 18+.
Оқиға тракторына қажетті бөлшекті іздеп, ауылдан қалаға келген Шымырдың төңірегінде өрбиді. Ол әскерде бірге қызмет еткен досы Елдостың үйіне тоқтайды. Алайда қарапайым сапар күтпеген жерден қауіпті оқиғаларға ұласып, кейіпкер ықпалды қылмыстық топпен бетпе-бет келеді. Шымыр күш пен ақшаға сүйеніп, өз тәртібін орнатқан адамдарға қарсы тұруға бел буады.