Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға және осы салаға инвестиция тартуға ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы Үкіметке инвесторларға уақтылы қолдау көрсетуді тапсырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы Президент 28 қазанда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мәлімдеді.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамыту тек өнім өндірумен шектелмеуі керектігін атап өтті. Оның айтуынша, аграрлық салада шикізатты терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығаратын кәсіпорындарды көбейту маңызды.
"Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін дамытуға баса мән берген жөн. Қазірдің өзінде бұл бағытта табысты жобалар бар.
Мәселен, Қызылорда облысының шаруалары қатаң климатқа қарамастан жүгері мен соя өсіріп, оны өңдеумен айналысады. Ал Түркістан облысында қытай компаниясы суды тиімді пайдаланатын заманауи мақта-тоқыма кластерін құрып жатыр.
Үкімет осындай озық тәжірибелердің ел аумағында кең тарауына жағдай жасап, инвесторларға уақтылы қолдау көрсетуі керек.
Сонымен қатар мұндай заманауи тәсілдерді мал шаруашылығында да жан-жақты пайдаланған дұрыс.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін басшылыққа ала отырып, елімізде 71 тауар-сүт фермасы іске қосылды. Бұл фермаларда жыл сайын 462 мың тоннадан астам сүт өндіріледі.
Ақмола облысында шетелдің озық тәжірибесіне сай ет кластері құрылып жатыр. Осындай жобаларды қолдауға болады, қажетті жағдайда қаражат та бөлу керек", – деді Мемлекет басшысы.