Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ қалдықтарды басқарудың заманауи инфрақұрылымын дамытуға арналған 34 жобаны қаржыландыруға кәдеге жарату төлемдері есебінен 122,6 млрд теңге бөлді. Жобалар жаңа қайта өңдеу өндірістерін салуды, сұрыптау кешендерін құруды және арнайы техника сатып алуды көздейді, деп хабарлайды Malim.kz.
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы Инвестициялық штаб жалпы қаржыландыру көлемі 440 млрд теңгені құрайтын 67 жобаны мақұлдады. Оның ішінде 34 жоба қаржыландырылды.

Қаржыландырылған жобалардың 6-уы жылдық жалпы қуаты 650 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау нысандарын құруды көздейді. Тағы 18 жоба жылына 435 мың тонна қалдықты қайта өңдеу қуаттарын дамытуға бағытталған. Сонымен қатар 10 жоба аясында 177 бірлік арнайы техника сатып алу қарастырылған.
Бүгінде 15 жоба пайдалануға берілді. Олардың аясында 131 бірлік арнайы техника сатып алынып, жылдық жалпы қуаты 290 мың тонна болатын сұрыптау желілері іске қосылды. Сондай-ақ жылына 19,3 мың тонна қалдықты қайта өңдеуге мүмкіндік беретін өндірістік қуаттар пайдалануға берілді.

Қаржыландырудың ең көп көлемі Алматы қаласындағы, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе және Қостанай облыстарындағы жобаларға бағытталған. Сонымен қатар жобалар Атырау, Ақмола, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарында, Абай облысында, Астана мен Шымкент қалаларында және еліміздің басқа да өңірлерінде жүзеге асырылуда.

Жобалар саланың негізгі бағыттарын қамтиды. Олардың қатарында макулатураны, ПЭТ-бөтелкелерді, автокөлік шиналарын және басқа да қалдық түрлерін қайта өңдеу, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту, сондай-ақ арнайы техника паркін жаңарту бар.
Жаңа жобаларды іске асыру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта бірқатар бастама белгіленген рәсімдерге сәйкес қарау, келісу және қаржыландыруға дайындау кезеңдерінен өтуде.

Еске сала кетейік, кәдеге жарату төлемдері қаражатын бағыттау Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Мұндай жобаларды іске асыру қалдықтарды басқарудың заманауи инфрақұрылымын дамытуға, қайта өңдеу көлемін арттыруға, көмуге жіберілетін қалдықтар көлемін азайтуға және қайталама шикізатты экономикалық айналымға тартуға ықпал етеді.