Павлодарда стоматологиялық ем кезінде жағдайы нашарлаған үш жасар қыз облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Malim.kz. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баланың жағдайы аса ауыр екенін хабарлады.
Informburo.kz мәліметінше, 2023 жылы туған қызды жедел жәрдем бригадасы 21 қазанда сағат 15:45-те ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер оны қабылдау бөліміне кідіртпей, бірден жансақтау бөліміне жатқызған. Қазір бала өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, қарқынды ем жүргізіліп жатыр.
22 қазанда Ұлттық ғылыми ана мен бала денсаулығы орталығы және Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық мамандарымен телемедициналық кеңес өткізілген. Мамандар әрі қарайғы емдеу тәсілдерін келіскен.
Баланың жағдайы мен емнің нәтижесін бағалау үшін күн сайын дәрігерлер консилиумы өтіп жатыр. Оқиға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының жеке бақылауында.
Бұған дейін қыздың туысы әлеуметтік желіде балаға Лермонтов көшесіндегі стоматологиялардың бірінде тісін емдеу кезінде көмек қажет болғанын жазған. Оның айтуынша, бүлдіршіннің тыныс алуы бұзылып, кейін жүрегі екі рет тоқтаған. Жүректің екі рет тоқтағаны туралы мәліметті басқарма жарияланған түсініктемесінде нақтыламаған.
Ал клиника өкілдері емдеу шаралары медициналық хаттамаларға сәйкес жүргізілетінін айтып, тексеру аяқталғанша қызметкерлердің кінәсі туралы қорытынды жасамауға шақырған.
Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Тексеру нәтижесінде құқықтық баға беріледі.