Екі күндік сапарға шыққан балықшының ашық суда бір жылдан астам уақыт өмір үшін күресуіне тура келген. Қайығы істен шығып, жағалауға қайта алмаған Хосе Сальвадор Альваренга 438 күннен кейін адамдарға жеткен, деп хабарлайды Malim.kz.
Екі күнге жоспарланған сапар
2012 жылдың 17 қарашасында Альваренга Эсекиэль Кордоба есімді жас жігітпен бірге балық аулауға аттанады. Әдетте қасына ертіп шығатын серігі бұл жолы бара алмай, оның орнына 22 жастағы Кордобаны алған. Екеуі бұған дейін бірге жұмыс істемеген.
Альваренга тәжірибелі балықшы еді. Бірақ бұл жолғы сапарда оның да қолынан келмейтін жағдай туындаған: ауа райы күрт бұзылып, қатты дауыл көтеріледі. Толқын қайыққа су толтырып, екі адам оны кезекпен сыртқа төгуге мәжбүр болған.
Жағалауға қайтуға тырысқан кезде қозғалтқыш істен шығады. Альваренга рация арқылы көмек сұрап үлгергенімен, орналасқан жерін нақты көрсете алмайды: бағыт анықтайтын құрылғысы да жұмыс істемей қалған. Көп ұзамай рацияның қуаты таусылып, байланыс үзілген.
Аман қалу үшін аулаған балықтарын суға тастаған
Дауыл кезінде қайықтағы жүк қосымша қауіп тудырған. Альваренга қайықты жеңілдету үшін аулаған балықтарын, кейін мұз бен артық жанармайды суға тастауға шешім қабылдаған.
Екеуі балық сақтайтын үлкен жәшікті уақытша пана еткен. Суықта соның ішіне тығылып, қайыққа су толған сайын кезекпен шығып отырған. Бірі суды төксе, екіншісі күш жинауға тырысқан.
Осылайша олар дауылға төтеп бергенімен, жағалаудан алыстай берген. Қозғалтқышсыз және байланыссыз қалған шағын қайықты ағыс өзімен бірге алып кеткен.
Аштық пен шөлге қалай шыдаған?
Альваренганың кейінгі әңгімесіне қарағанда, алғашқы ауыр сынақ шөл болған. Олар жаңбыр суын жинап, қорекке балық, тасбақа және қайыққа қонған құстарды пайдаланған. От жағуға мүмкіндік болмағандықтан, тапқан азығын шикідей жеуге тура келген.
Балықшының бала кезінен үйренген кәсібі осындай сәтте көмектескен. Ол кейде балықты қармақсыз, қолымен ұстағанын айтқан. Алайда азық күн сайын табыла бермеген: бірнеше күн бойы ештеңе ұстай алмайтын кездері де болған.
Серігінен айырылып, жалғыз қалған
Кордоба бұл сынаққа төтеп бере алмаған. Альваренганың айтуынша, жас жігіт анасын жиі еске алып, үйіне қайтуды армандаған. Балықшы оны жұбатып, көмек келетініне сендіруге тырысқан.
Бірақ серігі қайтыс болғаннан кейін Альваренга қайықта жалғыз қалады. Оның айтуынша, аштық пен шөлге енді жалғыздық қосылған. Ол күндерін азық іздеумен өткізіп, дұға оқып, ән айтып, үмітін сақтауға тырысқан.
438 күннен кейін көрінген құрлық
2014 жылдың қаңтарында Альваренга ақыры құрлыққа жеткен. Сол кезде оның ашық суда жүргеніне 438 күн болған еді.
Ұзақ сапардан кейін шашы мен сақалы өсіп, денесі әлсіреген балықшының жүріп-тұруы да қиындаған. Оған көмек көрсетіліп, дәрігерлердің қарауына жеткізілген. Кейін оның оқиғасын зерттеген журналист Джонатан Франклин балықшының өзімен ғана емес, әріптестерімен, іздеу жұмысына қатысқандармен және медициналық көмек көрсеткен адамдармен де сөйлескен.
Оның әңгімесіне жұрт бірден сенбеген
Адамның шағын қайықта бір жылдан астам уақыт тірі жүруі көпшілікке нанғысыз көрінген. Альваренганың әңгімесіне күмәнмен қарағандардың бірі журналист Франклиннің өзі болған.
Алайда зерттеу барысында балықшының сапарға шыққанын көрген, оның көмек сұрағанын естіген куәгерлер табылған. Франклин Альваренгамен қырықтан астам сұхбат өткізіп, оның басынан өткенін "438 күн" атты кітапқа жинақтаған.