freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Көз жасымды тыя алмадым": Алтынбек Қоразбаев ел естімеген естелігін жайып салды

Қоғам •
"Көз жасымды тыя алмадым": Алтынбек Қоразбаев ел естімеген естелігін жайып салды
Алтынбек Қоразбаев. Фото: instagram.com/altynbek.korazbaev (Фото ЖИ арқылы өңделген)

Қазақстанның халық әртісі, белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев "Қара шал" толғауына байланысты жүрегін тебіренткен оқиғаны баяндады. Өнер иесі қарттар үйінде тұратын қарияның тағдырын естігенде көз жасына ерік бергенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Композитор бұл туралы 2024 жылы "Хабарlike" бағдарламасына берген сұхбатында әңгімелеген.

Алтынбек Қоразбаевтың айтуынша, "Қара шал" толғауы өмірдегі шынайы оқиғалар мен қарттардың тағдырын арқау еткен туынды. Әннің жарыққа шыққанына сол кезде 37 жыл болған.

"Қара шал" деген толғауымның жарыққа шыққанына – 37 жыл. Одан әрісі толғауларыма 40 жылдың көлемі болды. Бұл – өмірден алынған толғау", – деді композитор.

"Ұлым мені қарттар үйіне әкеліп тастады"

Өнер иесі бірнеше жыл бұрын "Хабар" телеарнасында өткен қарттар үйіне арналған бағдарламаға қатысқанын еске алды. Сол кезде студияға Алматыдағы қарттар үйінен бірнеше қария шақырылған. Ал Алтынбек Қоразбаев домбырамен "Қара шал" толғауын орындауы керек болған.

Бағдарлама жүргізушісі үш баласы бар қариядан неліктен қарттар үйінде тұратынын сұраған. Қарияның айтқан жауабы композиторға ерекше әсер еткен.

"Екі қызымның біреуі тұрмысқа шығып кетті, бір қызым аурушаң болды, ауруханадан көз ашпайды. Ал ұлым полковник деген дәрежеге дейін көтерілді. Қара басып, әйелінен ажырасты. Менің кемпірім қайтыс болып кетті. Жалғыз балам күндіз-түні арақ ішті. Қайтемін?! Осы жаққа әкеліп тастады, қарайтын ешкім жоқ", – деп еске алды композитор қарияның сөзін.

Сол кезде қарияның жасы сексенге таяп қалған екен.

Әңгіме барысында журналист қариядан зейнетақысын қалай жұмсайтынын сұраған. Қарт кісі зейнетақысын ұлына беретінін айтыпты. Жүргізуші ішімдікке салынған баласына неліктен ақшасын беретінін сұрағанда, қарияның жауабы көпшілікті тебіренткен.

"Шырағым-ау, сол балам жүрегіңді бер десе, жұлып бере қоямын", – деген екен қария.

Осы сөзді естіген Алтынбек Қоразбаев өзін ұстай алмағанын жасырмады.

"Мен боздап, көзімнен жас ағып кетті. Залда отырып, көзімнің жасын тыя алмадым. Көңілім босағандықтан әнімді де дұрыс айта алмадым. Қандай тағдырдың тауқыметі?!" – деді өнер иесі.

Композитор ата-ананың балаға деген махаббаты қандай жағдай болса да өзгермейтінін сол сәтте терең сезінгенін жеткізді.

"Қара шал" әнінен кейін ата-анасын қарттар үйінен алып кеткендер болған

Алтынбек Қоразбаев мұндай ауыр тағдыр иелерін басқа өңірлерде де кездестіргенін айтты. Ол Жамбыл облысында жалғыз ұлы ішімдікке салынып, қартайған шағында қараусыз қалған қариямен сөйлескенін еске алды.

"Еліме сүйегімді апарып жерлейтін адам жоқ" деген қарияның сөздері де композитордың жадында сақталып қалған.

Өнер иесінің айтуынша, "Қара шал" мен "Қара кемпір" толғаулары жарық көргеннен кейін ата-анасына деген көзқарасын өзгертіп, оларды қарттар үйінен алып кеткен адамдар туралы да естіген.

"Қара кемпір", "Қара шал" шыққаннан кейін, беті бері қарап, қарттар үйінен әке-шешелерін алып кетіп жатқан жастарды да естідім. Шын қуандым. Менің әнім жүрекке жетіп жатса, одан сайын шабыттанасың ғой", – деді композитор.

Алтынбек Қоразбаев үшін бұл шығармалар тек музыкалық туынды емес, ата-ана алдындағы перзенттік парызды еске салатын өмірлік әңгімелерге негізделген толғаулар.

Еске сала кетейік, Алтынбек Қоразбаев қазіргі жастар арасында кең тараған бірнеше әнді тыңдап, әрқайсысына өз бағасын берген еді.

Алтынбек Қоразбаев кім?

Алтынбек Қоразбаев – қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі, әнші, композитор және Қазақстанның халық әртісі. Ол 1948 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Өнерге ерте жастан қызығушылық танытып, кейін бүкіл саналы ғұмырын қазақ музыкасын дамытуға арнаған.

Композитордың шығармашылығында туған жерге деген сүйіспеншілік, ата-анаға құрмет, адам тағдыры мен ұлттық құндылықтар ерекше орын алады. Оның әндері қарапайым халықтың өмірімен сабақтасып, тыңдарман жүрегінен орын тапқан.

Алтынбек Қоразбаевтың елге кеңінен танылған шығармаларының қатарында "Әгугай, домбыра", "Қара шал", "Қара кемпір", "Үшқоңыр" секілді туындылар бар. Бұл әндерде адамгершілік, перзенттік парыз, сағыныш пен өмірдің өткіншілігі сияқты тақырыптар қозғалады.

Әсіресе «Қара шал» және «Қара кемпір» толғаулары арқылы композитор қарттықтың қиындығын, жалғыздық пен ата-ананың балаға деген шексіз махаббатын суреттеген. Өнер иесінің айтуынша, бұл шығармаларға өмірде кездескен адамдардың тағдыры мен шынайы оқиғалар арқау болған.

Алтынбек Қоразбаевтың әндерін қазақ эстрадасының көптеген танымал орындаушылары репертуарына енгізген. Ол жас таланттардың өнерге келуіне де қолдау көрсетіп, қазақ музыкасының бірнеше буынын байланыстырып келе жатқан тұлғалардың бірі саналады.

Композитордың қазақ мәдениетіне қосқан үлесі жоғары бағаланған. Ол Қазақстанның халық әртісі атағына ие болып, кейін еліміздің ең жоғары марапаттарының бірі – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағымен марапатталған.

Алтынбек Қоразбаев бүгінде қазақ ән өнерінің аға буын өкілі ретінде танылып, ұлттық музыкалық мұраны насихаттауға үлес қосып келеді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу