freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Айдың арғы бетінде. Бұл аптада не болды?

Хикаялар
Айдың арғы бетінде. Бұл аптада не болды?
ФОТО: ©malim.kz

Бұл апта ғарышты игерудегі жаңа рекордпен басталды. 1 сәуір күні ғарышқа шыққан «Артемида-2» миссиясы аясында NASA 6 сәуірде Айдың Жерден көрінбейтін арғы бетінің ерекше суреттерін жұртшылық назарына ұсынды.

1 сәуір күні ғарышқа шыққан «Артемида-2» миссиясы аясында NASA 6 сәуірде Айдың Жерден көрінбейтін арғы бетінің ерекше суреттерін жұртшылық назарына ұсынды.
©NASA

9 сәуірде экипаж мүшелері Айды айналып өтіп, Жерден 407 мың шақырымға ұзап шығу арқылы адам баласы ғарышта болған қашықтық бойынша жаңа рекорд орнатты. Ақыры, 11 сәуірде «Орион» ғарыш кемесі Тынық мұхитына сәтті қонып, осыған орай Президент Қ. Тоқаев Дональд Трампқа құттықтау хатын жолдап, бұл сапарды ғарыш саласындағы тарихи кезең деп атады.

Әлемдік саяси аренадағы жағдай осы аптада да өте шиеленісті болды. 6 сәуір күні АҚШ пен Израиль Иранның мұнай-химия кешендеріне соққы беріп, салдарынан Иран барлау қызметінің басшысы Маджид Хадеми қаза тапты. АҚШ Президенті Дональд Трамп 7 сәуірде Иран өркениеті тұтас жойылып кетуі мүмкін деп қатаң мәлімдеме жасағанымен, 8 сәуірде тараптар екі апталық уақытша бітімге келісті. Алайда, бұл келісімге қарамастан Парсы шығанағындағы елдерге шабуылдар жасалып, 9 сәуірде Израильдің Ливанға жасаған әуе соққыларынан 250-ден астам адам мерт болды. 10 сәуірде АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс соғысты тоқтату мақсатында Пәкістанға ұшып барып, Исламабадтағы келіссөздерге дайындық басталды.

Спорт саласында қазақстандық атлеттер Азия чемпионаттарында биік белестерді бағындырды. Бішкекте өткен грек-рим күресінен Азия біріншілігінде 7 сәуірде Нұрсұлтан Тұрсынов қола жүлде алса, келесі күні Алматбек Аманбек ирандық балуанды тізе бүктіріп, ел қоржынына алғашқы алтынды салды. Боксшы қыздарымыз да Ұлан-Батырдағы доданы жемісті аяқтады: 9 сәуірде Дина Исламбекова мен Надежда Рябец Азия чемпионы атанды. Апта соңында Мемлекет басшысы бокстан ұлттық құраманың ерлер командасын да табысты өнер көрсетулерімен құттықтады.

Қазақстанның ішкі саяси және әлеуметтік өмірінде де маңызды жаңалықтар аз болған жоқ. 10 сәуірде Президент Қ. Тоқаев бір палаталы Құрылтай сайлауы биылғы тамыз айында өтетінін ресми түрде мәлімдеді. Демография саласында ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш тіркеліп, орташа өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетті.

Апта ішінде табиғи апаттар мен төтенше жағдайлар да орын алды: Ақмола облысындағы «Шоптыкөл» бөгеті бұзылып, тасқын сумен күрес жүргізілсе, Ақтөбе әкімдігінің ғимаратында ірі өрт болды.

Құқық қорғау саласындағы шулы істер де қоғам назарын аударды. Түркістанда 100 млн теңгелік майнинг құрылғыларына қатысты іс бойынша бес полицей сотталды, ал Қостанайда бопсалаумен айналысқан блогер 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Алматыдағы жол апатына қатысты жазбалары үшін танымал блогер Әділетхан Молдахан екі айға қамауға алынды. Сонымен қатар, Әділет министрлігі алимент пен жәрдемақы түсетін банк шоттарын бұғаттаудан босату науқанын бастады. Апта соңында Қорғаныс министрлігі биыл елімізде әскери шеру өтпейтінін және қаржының басқа басымдықтарға жұмсалатынын хабарлады.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу