2025 жылдың күзінде ажырасып, екі қалаға кеткен ерлі-зайыпты қайта қосылды. Ер адам отбасымен қайта табысуына қазақстандық "Бажа" сериалы себеп болғанын айтты. Оның жазбасына жобаның авторларының бірі Еркебұлан Мырзабек те пікір қалдырды, деп хабарлайды Malim.kz.
"Бажа" сериалы отбасымызды қалай қайта қосқанын айтып берейін бе?» деп бастады жазбасын Threads желісіндегі @dastankim есімді қолданушы. Оның айтуынша, ажырасқан кезде қызы төрт жаста, ұлы алты ай шамасында болған. Өзі Алматыда қалып, жұбайы Талдықорғанға оралған.
Екі қалада тұрса да, екеуі жақсы қарым-қатынасты сақтауға тырысқан. Ер адам балалары әкесінің жоқтығына үйреніп кетпесін деп, оларға мүмкіндігінше жиі барып тұрғанын айтады. Ол жазбасына жұбайымен бірге неке куәлігі мен жүзіктерін көрсетіп түскен суретін де қосқан.

Желі қолданушысының оқиғасы сериалдың сценарийін жазған әрі Толиктің рөлін сомдаған Еркебұлан Мырзабекті толқытқан. Ол жазбаны оқып көзіне жас алғанын айтып, авторға алғыс білдірді.
"Еңбегіміздің жемісі мен жеңісі деген осы шығар. Көп рақмет сізге", – деп жазды Еркебұлан Мырзабек.
"Бажа" сериалы неден басталды?
"Бажа" –бір отбасының қыздарына үйленген үш ер адамның тұрмысын әзілмен көрсететін комедиялық веб-сериал. Алғашқы маусымда екі бажа Муха мен Толик жақын дос болып кетеді. Олардың қатарына Баха қосылғанда, жаңа бажаның жасырып жүрген сырлары отбасының үйреншікті тірлігін өзгертеді. Бірінші маусым 2022 жылы, екіншісі 2025 жылы, үшіншісі 2026 жылы жарық көрді.
Salem ресми парақшасында сериал идеясының авторлары ретінде Марат Оралғазин, Еркебұлан Мырзабек және Рүстем Омаров көрсетілген. Бірінші маусымның сценарийін Оралғазин мен Мырзабекке қоса Медет Аманбаев, Абзал Қамбаров және Еркебұлан Бердалиев жазған. Алғашқы маусымды Ален Ниязбеков түсірген.
"Бажа кинода" фильмі не туралы?
Үш маусымнан кейін "Бажа кинода" толықметражды комедиясы түсіріліп, 2026 жылғы 29 қазанда кинотеатрларға шықты. Фильмде Муха, Толик пен Баханың бір өтірігі үлкен алдауға ұласады. Айтқан сөздерін шын етіп көрсетуге тырысқан үш бажа жағдайды одан әрі ушықтырып, ақыры отбасыларымен арадағы қарым-қатынасқа сызат түсіреді.
Фильмнің режиссері – Олжас Нұрбай, бас продюсері – Ақылбек Досжанов. Ресми трейлерде сценарийдің алты авторы аталған. Олар – Марат Оралғазин, Еркебұлан Мырзабек, Медет Аманбаев, Абзал Қамбаров, Қанабек Мерген және Аслан Қанадан. Фильмде Муханы Марат Оралғазин, Толикті Еркебұлан Мырзабек, Баханы Шерхан Пірназар сомдады. Мираның рөлін Жазира Еркін, Банудың рөлін Фариза Ескермес, Айжанның рөлін Ұлбосын Шалқарова ойнады.
Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек кім?
Марат Оралғазин – тележүргізуші, әзілкеш және сценарист. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетін бітірген. "СКЛ-КазГУград" командасында КВН ойнаған, радиода "Браво" мен "Бәрекелді" хабарларын жүргізген. Телевизияда "Тойбастар", "Намыс дода", "Әзіл студио" бағдарламаларының авторы болған.
Еркебұлан Мырзабек – тележүргізуші, әзілкеш және сценарист. 2008 жылы "Жарайсыңдар, жігіттер" командасымен Жайдарманның Жоғары лигасында, 2017 жылы "Спарта" командасымен халықаралық КВН-нің Жоғары лигасында чемпион атанған. "Бәсеке", "Өз үйім", "Ауылдастар" секілді сериалдардың сценарийін жазуға қатысқан. Көрермен екеуін "Мәссаған" жобасы мен бірге жүргізген "Қызық Times" бағдарламасы арқылы да таниды.
