Танымал блогер Ырысбала Икрамбай Түркістан облысының Шардара ауданында өткен туған бауырының үйлену тойында уыстап ақша шашып, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Желі қолданушыларының бірі оның әрекетін орынсыз мақтан мен ысырапшылдық деп сынаса, енді бірі блогерді қолдап шықты, деп хабарлайды Malim.kz.
Ырысбала Икрамбай қуанышты сәттің видеосын өзінің Instagram парақшасында жариялаған. Кадрлардан блогердің беташар рәсімі кезінде жиналған қонақтарға ақша шашқанын көруге болады. Тойға отандық өнер жұлдыздары да арнайы шақырылған. on.kz
Алайда көпшіліктің назарын мерекенің сән-салтанатынан гөрі блогердің ақша шашқан сәті аударды. Әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты пікірлер екіге бөлінді. Кейбір қолданушылар мұнша қаражатты көпшілік алдында шашуды ысырапшылдыққа балап, ақшаны мұқтаж жандарға жұмсаған дұрыс болар еді деген пікір білдірді. Ал блогерді қолдағандар оның өз табысын қалай жұмсайтынын өзі шешуге құқылы екенін алға тартты.
Осылайша қазақтың қуанышта шашу шашу дәстүрі мен ақшаны көпшілік алдында үлестірудің қаншалықты орынды екені туралы пікірталас туындады. Дегенмен тойда нақты қанша ақша шашылғаны және оның жалпы сомасы туралы расталған мәлімет жарияланған жоқ.
Ырысбала Икрамбай деген кім?
Ырысбала Икрамбай – әлеуметтік желідегі белсенділігімен, кәсіпкерлік және қайырымдылық бастамаларымен танылған қазақстандық блогер. Ол "Ырысты армия" қайырымдылық жобасы арқылы мұқтаж отбасыларға баспана алуға көмектесіп, көпшілікке таныла бастады.