Ақпараттық хабарлама
freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Біз кездесеміз, балам": Рүстем Жаныаманов ұлынан айырылған сәтін еске алды

Қоғам •
"Біз кездесеміз, балам": Рүстем Жаныаманов ұлынан айырылған сәтін еске алды
Рүстем Жаныаманов пен Жанаргүл Жаныаманова. Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Танымал актер Рүстем Жаныаманов өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірі туралы ашық айтты. Өнер иесі ұлынан айырылған кездегі жан күйзелісін еске алып, перзентінің қазасы әлі күнге дейін жүрегін ауыртатынын жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.

Актер жұбайы Жанаргүл Жаныамановамен бірге журналист Жанар Байсеміздің сұхбатында қонақ болып, отбасындағы ауыр қайғы туралы әңгімеледі. Рүстем Жаныамановтың айтуынша, баласынан айырылу екеуінің де өмірін түбегейлі өзгерткен. Арада уақыт өтсе де, бұл қайғыны көтеру оңай емес.

"Мұндай басымыздан өткен жағдайды ешкімнің басына бермей-ақ қойса екен деймін. Бұл әлі күнге дейін біздің жанды жерімізге тиеді. Мұны көтеріп жүрудің өзі үлкен күшті қажет етеді екен. Жанар екеуміз бір-бірімізді іздеп тұрамыз. Ешкім мені түсінбейтіндей көрінеді. Тек Жанар түсінеді", – деді актер.

"Біз кездесеміз, балам"

Сұхбат барысында өнер иесі ұлының жансыз денесін алғаш көрген сәтін де еске алды. Оның айтуынша, сол мезетте қандай күйде болғанын сөзбен жеткізу қиын. Актер баласының басынан сипап, құлағына иман сөздерін сыбырлағанын айтты.

"Мен барсам, баламның жансыз денесі жатыр екен. Ондай кезде ештеңе ойламайсың, тек бір Алладан қорқасың. Сол кезде баламның басын ұстадым да, құлағына сыбырладым: "Лә иләһә иллаллаһ, Мұхаммадун расулуллаһ" дедім. "Біз кездесеміз, балам" дедім", – деп еске алды өнер иесі.

Рүстем Жаныаманов ұлынан айырылғаннан кейін жұбайы екеуі бір-біріне демеу болып, өмірді жалғастыруға тырысып жүргенін жеткізді.

"Баламызды қайтадан алып келе алмаймыз. Осылай болу керек болды. Қабылдау керек, мықты болу керек. Жалғыз біз ғана мұндай қайғыны бастан кешіріп жатқан жоқпыз. Баламыздың жаны жәннатта болса екен деймін. Бізге шапағатшы болса екен. Алла бізге күш берсе екен. Себебі оңай емес. Орны толмайтын қаза болды", – деді ол.

"Мұның бәрін ішімде сақтағым келеді"

Актер баласының қала сыртындағы зиратқа жерленгенін де айтты. Оның сөзінше, отбасы ұлының басына жиі барып тұрады. Дегенмен өнер иесі перзентіне деген сағынышын көпшілік алдында жиі қозғағысы келмейтінін жасырмады.

"Басына жиі барып тұрамыз. Қала сыртына жерледік. Себебі ауыл тым алыс болып кетеді. Мұның бәрін ішімде сақтағым келеді, жариялай бергім келмейді. Сәл сынып бара жатсам, Жанарға келемін. Мықты болмасқа амал жоқ. Өмір жалғасады", – деп бөлісті актер.

Рүстем Жаныаманов жары Жанаргүлдің қолдауы өзіне ерекше күш беретінін атап өтті. Оның айтуынша, осындай ауыр кезеңде ерлі-зайыптылардың бір-бірін түсініп, жанынан табылуы маңызды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Рүстем Жаныаманов әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм ұлымен бірге түскен ескі видеоны жариялаған еді.

Рүстем Жаныаманов кім?

Рүстем Жаныаманов – қазақстандық театр және кино актері. Ол комедиялық, драмалық және отбасылық тақырыптағы туындыларда түрлі кейіпкерлерді сомдап, отандық көрерменге кеңінен танылған өнер иелерінің бірі. Актер шығармашылық жолын театр сахнасымен байланыстырып, кейін кино және телевизия саласында да өнер көрсете бастады. Сахнада жинақтаған тәжірибесі оның әртүрлі мінездегі кейіпкерлерді сомдауына мүмкіндік берді.

Рүстем Жаныамановтың танымал рөлдерінің бірі – "Келінжан" телехикаясындағы Қылышбек образы. Актер бұл туындыда өзіндік мінезі мен ерекшелігі бар кейіпкерді сомдап, көрерменнің ықыласына бөленді.

Сонымен қатар ол "Ағашки по вызову", "Копы 667", "Жизнь после", "Жаным, ты не поверишь!" және өзге де отандық киножобаларға қатысқан.

Рүстем Жаныаманов тек актерлік өнермен шектелмей, дубляж саласында да еңбек еткен. Ол театр сахнасындағы қызметін кино түсірілімдерімен қатар алып жүрді. Өнер иесінің шығармашылығында комедиялық рөлдер ерекше орын алғанымен, ол драмалық сипаттағы кейіпкерлерді де сомдаған. Актер экранда қарапайым адамдардың мінезін, күнделікті өмірдегі қарым-қатынастарын және отбасылық мәселелерді көрсетуімен ерекшеленеді.

Рүстем Жаныамановтың жұбайы Жанаргүл Жаныаманова да актриса ретінде көпшілікке танымал. Ерлі-зайыптылар отандық өнер саласында еңбек етіп келеді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу