Ақпараттық хабарлама
freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Мандариннің тәтті екенін қабығына қарап білуге бола ма?

MALIMet •
Мандариннің тәтті екенін қабығына қарап білуге бола ма?
Фото: malim.kz / ЖИ арқылы жасалған

Базарда түсі қанық мандарин көзге бірден түседі. Бірақ қабығы қызғылт сары жеміс қышқылтым, ал жасыл дағы бары тәтті болып шығуы мүмкін. Өйткені мандариннің сырты мен іші бір мезгілде өзгермейді. Қабығының түсіне ауа райы әсер етсе, дәмі жемістегі қант пен қышқылдың арақатынасына байланысты, деп хабарлайды Malim.kz.

Қабығы жасыл мандарин піскен болуы мүмкін бе?

Квинсленд штатының мандарин өсіру жөніндегі нұсқаулығына сүйенсек, ерте пісетін сұрыптардың іші қабығындағы жасыл түс толық кеткенше-ақ пісіп үлгереді. Түн салқындаған кезде қабықтағы жасыл түс тезірек кетіп, қызғылт сары реңк айқындала түседі. Ал түні жылы өңірлерде мандарин жеуге жарап тұрса да, қабығында жасыл дақтар қалуы мүмкін.

Кей өңірлерде ерте жиналған мандариннің қабығын қызғылт сары түске енгізу үшін этилен қолданылады. Зерттеулерге қарағанда, бұл тәсіл қабықтың түсін өзгерткенімен, жемістің дәмін өзгертпейді. Сондықтан бір сөреде қатар тұрған, түсі бірдей екі мандариннің дәмі екі түрлі болуы мүмкін.

Жұқа қабықты мандарин тәттірек пе?

Қабықтың қалыңдығы, тегістігі және оңай аршылуы сұрыпқа қарай өзгереді. Мәселен, қабығы жұқа әрі оңай аршылатын мандарин де, қабығы қалың әрі бұдыр болғанымен, іші тәтті мандарин де бар. Калифорния университетінің мамандары мандариннің дәмін бағалағанда жемістегі қант пен қышқылдың арақатынасына қарайды. Жеміс піскен сайын қанты көбейіп, қышқылдығы азаяды.

Базарда мандаринді қалай таңдаған дұрыс?

Көлемі шамалас екі мандаринді қолыңызға алып салыстырыңыз. Салмақтысы шырындырақ болуы мүмкін. Қабығы қатты әжімденіп қалған жемістен гөрі, қабығы бүтін, әжімі азын таңдаған жөн. Иісіне де мән беріңіз. Қышқыл тартып, ашығандай иіс шықса, жеміс тым пісіп кеткен болуы мүмкін.

Бірден бірнеше келі алғалы тұрсаңыз, сатып алатын жәшіктен бір мандаринді татып көріңіз. Салмағы шырындылығын шамалауға көмектеседі, ал тәттісін дәмін татып таңдаған оңай.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу