Актер әрі әзілкеш Арсен Ақиев Динара Сәтжанның "Late Night Show" бағдарламасында студенттік шағын еске алып, жары Мереке Қалбаеваға әзілмен жауап берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Бағдарламаға "Махаббат жасқа қарамайды" фильмінің түсірілім тобы қонақ болды. Әңгіме арасында Арсен Қызылордада оқып жүргенде қыздармен көп араласқанын айтып, өзіне қандай қыздар ұнайтынын әзілге айналдырды.
"Мен үйленетін кезде, үйленетін уақытта. Мен өзім Қызылорда қаласында пед колледжде оқыдым, педагогикалық колледжде. Мен қыздардың арасында жүрдім. Внимания қыздардан көрдім, қандай қыздар и мен қыздарды таныдым, әдемі қыздармен де сөйлесіп көрдім. И маған онша емес қыздар ұнайды екен", – деді Арсен Ақиев.
Арсен Ақиев кім?
Арсен Ақиев – "Жайдарман" сахнасы арқылы танылған әзілкеш, актер әрі сценарист. Ол Мереке Қалбаеваның бастамасымен түсірілген "Қыздар-ай" сериалында Арсен есімді кейіпкерді сомдаған. Ерлі-зайыпты әлеуметтік желіде де бірге әзіл видеолар түсіреді. Өздерінің жас айырмасы сол видеоларда жиі әзілге арқау болады.
Арсен 12 қарашада көрерменге жол тартқан "Махаббат жасқа қарамайды" романтикалық комедиясында да ойнаған. Ол фильмнің сценарийін жазуға қатысып, Мерекемен бірге продюсерлік еткен.
Арсен мен Мерекенің отбасы
Арсен Ақиев пен Мереке Қалбаева 2018 жылы шаңырақ көтерді. Мереке Арсеннен алты жас үлкен. Қазір ерлі-зайыпты үш бала тәрбиелеп отыр.
Мереке Қалбаева көпшілікке "Жайдармандағы" "Тек қана қыздар" командасы арқылы танылды. Ол Аман Тасығанға берген сұхбатында Арсеннің алғашында өзіне тым жас көрінгенін айтқан. Мерекенің сөзінше, анасы да бұл таңдауды бірден қабылдай қоймаған. Сонда Мереке Арсенге хабарласып, үйге келіп, анасымен өзі сөйлесуін сұраған.