Ақпараттық хабарлама
freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Тбилисиде бес қабатты тұрғын үйде жарылыс болып, алты адам қаза тапты

Әлем •
Тбилисиде бес қабатты тұрғын үйде жарылыс болып, алты адам қаза тапты
Фото: x.com/thecaspianpost

Грузия астанасы Тбилисидің шетіндегі көпқабатты тұрғын үйде жойқын жарылыс болды. Қайғылы оқиғадан алты адам, оның ішінде екі бала көз жұмды. Ел билігі 22 қарашаны аза тұту күні деп жариялады.

Оқиға Тбилисидің Квемо-Поничала ауданындағы бес қабатты тұрғын үйде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жарылысқа газбен жұмыс істейтін жылытқыш құрылғының ақауы себеп болған. Грузия Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, жарылыс жергілікті уақыт бойынша сағат 09:00 шамасында тіркелген.

Болжам бойынша, жылытқыштың дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан пәтер ішіне газ жиналып, кейін жарылыс болған. Жарылыстың күшті болғаны соншалық, ғимарат шатырының бір бөлігі қирап, қабатаралық жабындар опырылып түскен.

Құтқарушылардың мәліметінше, үйінді астында жеті адам қалған. Олардың алтауы қаза тапқан. Марқұмдардың арасында үш әйел, бір ер адам және екі бала бар. Құтқарушылар үйінді астынан үш жасар баланы аман алып шыққан. Сонымен қатар тағы төрт адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Олардың бірінің жағдайы ауыр деп бағаланған. Оқиға орнында іздеу-құтқару жұмыстары жүргізіліп, кейін операцияның аяқталғаны хабарланды.

Қайғылы оқиғадан кейін Грузия үкіметі қаза тапқандарды еске алу мақсатында 22 қарашаны жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Жарылыстың нақты себептері мен мән-жайы құзырлы органдар тарапынан анықталып жатыр.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу