Ақпараттық хабарлама
freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Олжас Бектенов Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын тасжолын жаңарту барысымен танысты

MALIMet •
Олжас Бектенов Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын тасжолын жаңарту барысымен танысты

Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын тасжолын қайта жаңарту жұмыстарымен танысты. Бұл жолдың "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық көлік дәлізін дамытуда стратегиялық маңызы бар, деп хабарлайды Malim.kz.

Ұзындығы 262 шақырым болатын жол Президенттің Қазақстан халқына арнаған "Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері" атты Жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес жаңартылып жатыр. Жоба көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға және елдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған.

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің айтуынша, жолдың 28 шақырымында құрылыс аяқталып, бұл учаске көлік қозғалысына ашылған. Жобаның жалпы құны – 496,3 млрд теңге. Жол толық пайдалануға берілгенде, оның өткізу қабілеті артып, қозғалыс қауіпсіздігі жақсарады. Жүк пен жолаушы тасымалына кететін уақыт қысқарып, өңірдің транзиттік мүмкіндігі кеңейеді.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев жергілікті жолдарды дамыту мен жөндеу, сондай-ақ жол жұмыстары мен құрылыс материалдарының сапасын арттыру үшін атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады. Өңірде ауқымды жол құрылысы 2024 жылы басталған. 2024–2026 жылдары осы мақсатқа 109 млрд теңге бөлініп, жергілікті маңызы бар 956 шақырым жол жөнделген.

Жол жұмыстары мен құрылыс материалдарының сапасына, сондай-ақ ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылауға ерекше көңіл бөлініп отыр. 2026 жылдың алғашқы он айында жол құрылысына қолданылатын материалдардан 1,2 мыңнан астам сынама алынып, оның 11 пайызы белгіленген талаптарға сай келмеген. Жол жабынын сақтау үшін ауыр жүк көліктерінің салмағын бақылау күшейтілген. Осы кезеңде 4,3 мыңға жуық бұзушылық анықталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға көп.

Облыста жалпы ұзындығы 1,8 мың шақырымнан асатын жолдарды салу, қайта жаңарту және жөндеу жобалары іске асырылып жатыр. Соның 865 шақырымы қайта жаңартуға, ал 293,5 шақырымға жуығы күрделі және орташа жөндеуге тиесілі. Ірі жобалардың қатарында Ақтөбе – Ұлғайсын (262 шақырым), “Орталық – Батыс” дәлізінің Астана – Ырғыз бағыты (41 шақырым), Бейнеу – Сексеуіл (245 шақырым) және Ұлғайсын – Сексеуіл (215 шақырым) жолдары бар. Бұл жобаларды 2029 жылы аяқтау көзделген.

Ақтөбе – Орынбор, Ақтөбе – Орск, Самара – Шымкент және Қарабұтақ – Қостанай бағыттарында жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 78 пайыздан 84 пайызға өскен. 2029 жылға дейін тағы 1,5 мың шақырым жол жөнделіп, нормативтік талаптарға сай жолдардың үлесін 95 пайызға жеткізу жоспарланған.

Үкімет басшысы тасжолды қайта жаңарту жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Ол құрылыс жұмыстары мен қолданылатын материалдардың сапасын, сондай-ақ бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылауды күшейтуді міндеттеді. Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жол бойындағы инфрақұрылымды уақтылы жабдықтауға және жүргізушілер мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылды. Премьер-министр жобаны бекітілген кестеге сай аяқтау үшін жауапты мемлекеттік органдар мен мердігер ұйымдардың жұмысын үйлестіру қажет екенін атап өтті.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу