Ақын Мөлдір Айтбай Өмірқұл Айниязов орындайтын "13-қабырғам" әнінің қалай жазылғанын айтып, әншінің отбасынан алған алтын жүзігін неге қайтарып бергенін түсіндірді. Оның сөзінше, бұған Айниязовпен еттің бағасы туралы болған әңгіме себеп болған, деп хабарлайды Malim.kz.
"13-қабырғам" әні қалай жазылды?
Мөлдір Айтбайдың айтуынша, ол Өмірқұл Айниязовтың дауысына лайық әннің сөзін жазуды көптен ойлап жүрген. Әнші оған композитор Дәурен Сердалиевтің әуенін ұсынып, жарына арнайтын лирикалық туындыға мәтін жазуды өтінген. Айниязов "Жүрегімнің ішіндегі жүрегім" әнін мысалға келтірген.
Ақын мәтінді жазуға біраз уақыт кеткенін айтады. "Қабырға" сөзі ұйқасқа келгенде, ол осы сөзді сүйген жарына арналған әннің өзегіне айналдырған. Айтбайдың сөзінше, ән алғаш рет өзінің "Мөлдір өлең" кешінде орындалған. Әннің ресми жазбасында сөзін жазған Мөлдір Айтбай, әнін жазған Дәурен Сердалиев деп көрсетілген. Ақын мәтін үшін ақы алмағанын айтты.
Ақын алтын жүзікті неге қайтарды?
Айтбайдың сөзінше, 30 қыркүйектегі концертте Өмірқұл Айниязовтың жұбайы оған сахнада алтын жүзік сыйлаған. Ақын сол сәтте гауһартас әшекей күткенін, бірақ көңілі толмағанын көпшілік алдында білдірмегенін айтты.
Кейін Айтбай үйге ет керек болғанда әншіге хабарласқан. Оның айтуынша, Айниязов аудиохабарлама жіберіп, еттің бір келісі 3 300 теңге екенін айтқан. Ақын осы сөзге ренжіп, концертте алған жүзігін әншінің ұлы арқылы қайтарып берген.
"Сол 3300-ді көтере алмай қалдым ғой мен. Маған алтын таққан. Сол алтынды ұлынан беріп жібердім", – деді ақын.
Мөлдір Айтбайға Қайнар Алагөзов те пікір жазып, қолдау білдірді.
"Ботам-ау, есіңде болсын: бір ақын он әншіні асырайды, бір әнші он ақынды асырай алмайды", – деп жазды ол.
Өмірқұл Айниязов кім?
Өмірқұл Өтегенұлы Айниязов – Сыр өңірінің ән-жырын эстрада сахнасына алып шыққан дәстүрлі әнші, термеші әрі жыршы. Ол 1978 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген. Сегіз айлығынан атасы Әли мен әжесі Зибагүлдің қолында, Арал ауданының Шөміш ауылында өскен. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде Қазалыға, ата-анасының қолына оралған.

Әнші кәсіби музыкаға төртінші сыныпта қадам басқан. Әкесі оны Қазалыдағы музыка мектебінің баян сыныбына жетектеп апарған. Бес жыл сонда оқып, Досжан Жолдасовтан терме үйренген. Тоғызыншы сыныпты бітірген соң Ақтөбедегі музыка колледжіне түскен. Кейін Алматыдағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқып, магистратураны да тәмамдаған. Талдықорғандағы Сүйінбай атындағы филармонияда өнер көрсеткен.
Айниязовтың өнердегі жолын ашқан шығарма – "Ақтанкерейдің термесі". Көпшілік оны "Ақжайнақ", Бейбіт Оралұлының "Елім-ай" әні және Жиенбай жыраудың "Қыздар-ай" туындысы арқылы да таныды. Әнші "Қазалы" газетіне берген сұхбатында арада ширек ғасыр өтсе де, тыңдармандары "Ақтанкерейдің термесін" әлі сұрайтынын айтқан. Оның репертуарында "Тоғжанның гөй-гөйі" мен "Бір шәугім шай" әндері де бар.
2015 жылы "Qazaqstan" ұлттық телеарнасы әншінің "Елім, елім-ай!" атты шығармашылық кешін көрсетті. Ал 2018 жылы Айниязов Қазақ радиосына берген сұхбатында жарына «Арман-ай» әнін арнағанын айтқан. Өмірқұл Айниязов – Қазақстанның мәдениет қайраткері, "Серпер" жастар сыйлығының лауреаты және "Құрмет" орденінің иегері. 2016 жылы оған «Қазақ тілі» медалі табысталды.