Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы "Болашақ" шахтасына барып, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау талаптарының қалай орындалып жатқанын тексерді, деп Malim.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. Сапар барысында өндірістегі қауіптің алдын алуға арналған технологиялар мен цифрлық бақылау жүйелеріне назар аударылды.
"Қазхром" трансұлттық компаниясына қарасты Дөң тау-кен байыту комбинатының "Болашақ" шахтасы – еліміздің тау-кен металлургия саласындағы ең ірі жобалардың бірі. Шахта 2024 жылғы желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен іске қосылды.

Шахта Миллионное және Алмаз-Жемчужина кен орындарын біріктіреді. Онда алты жерасты жұмыс деңгейі бар. Қазақстандағы ең терең шахта оқпаны да осында орналасқан. Оның тереңдігі бір шақырымнан асады. Шахтаның жылдық өндірістік қуаты шамамен 7 млн тонна хромит кенін құрайды. Жобаға салынған инвестиция көлемі шамамен 1 трлн теңгеге бағаланып отыр. Шахтада 1 800 жұмыс орны ашылған.
"Қазхром" трансұлттық компаниясының бас директоры Ержан Абдулабеков кен өндіру технологиялары мен шахтада қабылданған қауіпсіздік шаралары туралы баяндады. Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында кәсіпорын өндіріс тиімділігін арттыру үшін цифрлық технологияларды енгізіп жатыр. Өнімділігі жоғары кен өндіру жүйелері мен өздігінен жүретін техника қол еңбегін азайтып, жұмыс өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ал жерасты бақылау жүйесі жұмысшылар мен техниканың қай жерде екенін көрсетіп отырады.

Технологиялық шешімдерді әзірлеуге Қазақстан мен шетелдің осы салаға маманданған ғылыми ұйымдары тартылды. Шахтаны газсыздандыру жобасы әзірленді. Қауіпсіздік жүйесін жетілдіру үшін ғылыми зерттеулер жүргізіліп, цифрлық модельдеу мен заманауи инженерлік шешімдер қолданылып жатыр.
Бұған дейін анықталған заңбұзушылықтар мен болған апаттарды ескере отырып, Олжас Бектенов өндіріс нысандарында қауіпсіздік талаптарының орындалуын қатаң бақылауды, жабдықтарды жарамды күйде ұстауды және жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды. Премьер-министр қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға және жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына төнетін қатерді азайтуға кәсіпорын басшылары тікелей жауапты екенін атап өтті.
"Мемлекет басшысы қоғам мен экономиканың барлық саласында "Заң мен тәртіп" конституциялық қағидатын нығайту саясатын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Өнеркәсіпте бұл, ең алдымен, қауіпсіздік талаптарын бұлжытпай орындауды және басшылардың жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына жауап беруін білдіреді. Оқиға болғанда ғана шара қолданумен шектелмей, қауіптің алдын алуды жүйелі жолға қойып, цифрлық бақылау құралдарын кеңінен енгізу қажет. Еңбек қауіпсіздігі әр кәсіпорынның өндірістік мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналуға тиіс", – деді Олжас Бектенов.

Төтенше жағдайлар министрлігі елдегі өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылау жүйесін цифрландырып жатыр. Ведомствоның ахуалдық орталығына "Karaganda Komir", "Қазақмыс корпорациясы", "Шалқия Цинк LTD" және "Қазхромға" қарасты Дөң тау-кен байыту комбинатының 20 шахтасы мен кенішінен жұмысшылар мен техниканың орналасқан жері туралы деректер мен бейнебақылау ақпараты тәулік бойы келіп түседі. Бұл жұмысшылар мен техниканың қай жерде екенін нақты уақыт режимінде қадағалауға, шахта ішіндегі ауаның жай-күйін бақылауға, қауіп-қатерді анықтап, дереу дабыл беруге мүмкіндік береді.