Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысына сапары барысында Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты мен жүнді терең өңдейтін KazFeltec кәсіпорнына барды. Үкімет басшысы осы екі кәсіпорынның мысалында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі тапсырмалары қалай орындалып жатқанын көрді, деп Malim.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. Сапар барысында отандық өндірісті кеңейтуге және қосылған құны жоғары өнімнің үлесін арттыруға баса мән берілді.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов өңірде жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалар туралы баяндады. Биылғы он айда негізгі капиталға салынған инвестиция 8,2 пайызға өсіп, 1 трлн теңгеден асты. Тікелей шетелдік инвестиция көлемі екі есе артып, 357,2 млн долларға жетті. Өңірде энергетика, машина жасау, тамақ өнеркәсібі және басқа да салаларда жобалар іске асырылып жатыр. Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақ құру мәселесі қарастырылып жатыр. Жоспар жүзеге асса, өңірге 400 млрд теңге инвестиция тартылып, 1 500-ден астам жұмыс орны ашылады.

Ақтөбе қаласында Премьер-министр Қазақстан мұнай жабдықтары зауытының өндірістік цехтарын аралады. Кәсіпорынды дамытуға 7,4 млрд теңге инвестиция салынған. Зауыт жылына 100–120 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Мұнда сорғы-компрессорлық және шегендеу құбырлары, фонтан арматурасы, ысырмалар, жылу алмастырғыштар және басқа да мұнай-газ жабдықтары өндіріледі. Биылғы тоғыз айда шегендеу құбырларының өндірісі 31,4 пайызға өсіп, 14,1 мың тоннаға жетті. Өзге мұнай кәсіпшілігі жабдықтарының өндірісі 7,4 мың тоннаға жеткен. 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 179 тонна болған. Зауыт өнімін ішкі нарыққа шығарып, импорттық жабдықтың орнын отандық өніммен толықтыруға үлес қосып отыр.
Үкімет басшысына зауытты кеңейту жоспары да таныстырылды. Кәсіпорын орташа және жоғары қысымға арналған клапандар мен ысырмалар шығаратын төртінші цех салуды көздеп отыр. Жобаға 700 млн теңге инвестиция салынады. Цехты 2027 жылы іске қосу жоспарланған. Бұған қоса, құю әдісімен металл дайындамалар мен бөлшектер шығаратын зауыт салу жобасы пысықталып жатыр. Оған 2 млрд теңге инвестиция салу көзделген.

Олжас Бектенов KazFeltec кәсіпорнында жүнді терең өңдеу және тоқыма емес материалдар өндіру барысымен танысты. Зауыт директоры Ерлан Жанабергеновтің айтуынша, жоба 2025 жылы жеке инвестиция мен Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен іске асырылған. Жобаға барлығы 5,3 млрд теңге салынған. Кәсіпорында Италияның CORMATEX компаниясының жабдығы орнатылған. Ол жылына 3,6 мың тоннаға дейін жүн өңдеп, 2,2 мың тоннаға дейін дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді. Зауытта 50 жұмыс орны ашылған.
Кәсіпорын қой жүнінен жылу мен дыбыс оқшаулағыш материалдар шығарады. Бұл өнімдер құрылыста, жиһаз өндірісінде және басқа да салаларда қолданылады. Зауыт жүнді Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарындағы шаруа қожалықтарынан сатып алады. Соның арқасында ауыл тұрғындары жүнін тұрақты өткізіп, табыс таба алады. Қазір зауыт өз өнімін ішкі нарықта сатады. Алдағы уақытта оны экспортқа шығару көзделіп отыр.
Олжас Бектенов Ақтөбе облысының әкімдігіне салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, отандық өндірісті кеңейтуге, шикізатты терең өңдеуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған инвестициялық жобаларды уақытында іске асыруды тапсырды. Ол инвесторларға қажетті қолдау көрсетіп, жаңа өндіріс орындарын белгіленген мерзімде іске қосуды міндеттеді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, елде жаңа кәсіпорындар іске қосылып, отандық өнім түрлері көбейіп келеді. Биылғы он айда өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 9,3 пайызға өсті. Жыл басынан бері жалпы құны 900 млрд теңге болатын 125 жоба іске қосылды. Шикізатты терең өңдеуге, автомобиль және теміржол машинасын жасау салаларын дамытуға, сондай-ақ салалық кластерлер құруға басымдық беріліп отыр.