Қазақстанның Халық әртісі Мақпал Жүнісова марқұм жұбайы Заманбек Нұрқаділовтің өзінің шығармашылығына қатысты көзқарасы туралы сыр шертті. Әнші Халық әртісі атағын алған кезде күйеуінің қуана қоймағанын айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлінің өзі туралы айтқан пікірін бөліскен. Композитор Мақпал Жүнісованың өнердегі жетістіктеріне тоқталып, оның Заманбек Нұрқаділовпен отбасын құрмаған күннің өзінде танымал әнші болатынын жеткізген.
Қалдыбек Құрманәлінің пікірінше, Мақпал Жүнісова табиғи таланты мен ерекше дауысының арқасында қазақ эстрадасының биік белестерін бағындырған өнер иесі.
"Мақпал Жүнісова – тағдырлы әнші. Ол Заманбек Нұрқаділовқа күйеуге шықпаса да, Мақпал Жүнісова Халық әртісі болатын еді, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болатын еді. Қайта ол Нұрқаділовқа тимегенде Мақпал Жүнісова ең бай әншілердің бірі болуы мүмкін еді. Ол оған тұрмысқа шығу арқылы көп тойларға бара алмады, көп сахнаға шыға алмады", – деді ол.
Композитор әншінің тұрмысқа шыққаннан кейін шығармашылық мүмкіндіктері белгілі бір деңгейде шектелгенін айтып, оның өнердегі жетістіктерін жұбайының ықпалымен байланыстыру дұрыс емес екенін жеткізді.
"Мақпалды Нұрқаділовқа тигеннен кейін ғана осындай атақтарды алды дейтін адамдар қателеседі. Мақпал – Алладан әнші боп туған адам, басқа мұндай әнші жоқ. Ол әнді керең еститіндей, соқыр көретіндей, мылқау түсінетіндей етіп айтады. Ол Заманбекке барып, мені алшы деген жоқ қой, ол Мақпалды ұнатып алды. Мына заманда аңызда қалатын адамдар болады, әлі үлкен дастандар жазылуы мүмкін. Заманбек Мақпал деген үлкен жырға айналады, тіпті фильмдер түсірілуі мүмкін. Оны Мақпал да, мен де көрмеуім мүмкін. Себебі Заманбек те, Мақпал да тарихта қалатын адамдар", – деді ол.
Мақпал Жүнісова композитордың сөзіне жауап берді
Қалдыбек Құрманәлінің бұл пікірі әншінің назарынан тыс қалмаған. Мақпал Жүнісова оның сөзін құптап, жеке өміріне қатысты айтылатын түрлі әңгімелерден шаршағанын жеткізді. Сондай-ақ әнші Халық әртісі атағын алған кездегі жұбайының реакциясын алғаш рет ашық айтып, кейін оның өз өнерін жоғары бағалағанын еске алды.
"Қалдыбек жақсы нүкте қойыпсыз, әлі де менің жекеме жазатын аузы қышығандар бар. Бірақ мұндайларға жауап беруге де құлқым жоқ. Бір айтарым ғана бар, маған Халық әртісі берілгенде байым қуанған жоқ…бірақ кейіннен менің әншілігімді мойындадым деп үлкен баға бергеніне мен қатты қуандым", – деп жазды ол.
Еске сала кетейік, белгілі айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек марқұм саясаткер Заманбек Нұрқаділовпен арадағы сыйластығы туралы айтып, оның Мақпал Жүнісовамен өткен үйлену тойындағы қызықты оқиғаны еске алған еді.