Ақпараттық хабарлама
freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Әкеге табылған орын шешеге неге табылмайды?" Фариза Ескермес өз есімін жұбайының шежіресінен көрді

Шоу-бизнес •
"Әкеге табылған орын шешеге неге табылмайды?" Фариза Ескермес өз есімін жұбайының шежіресінен көрді
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Актриса Фариза Ескермес Instagram желісінде жұбайы Андрейдің әулет шежіресін көрсетті. Онда өзінің де есімі жазылғанын байқаған актриса Ысты руының шежіресінен өз атын таппағанын айтып, қазақ шежіресінде қыздардың есімі неге жиі аталмайтынын сұрады, деп хабарлайды Malim.kz.

Актриса жариялаған шежіре сызбасында Андрейдің есімімен қатар Фаризаның да аты тұр. Есімінің астына "Андрейдің әйелі" деп жазылған. Осы сызбаны көрсеткен актриса өз руының шежіресіне қатысты өкпесін де жасырмады.

"Ал, татарлардың шежіресіндемін... Өзіміздің Ысты руының шежіресінен орын табылмай, татар елінің шежіресінде жүрмін... Біздің дәстүрге өкпем қара қазандай, байқасаңыз", – деп жазды ол.

Кейінгі стористерінде Ескермес шежіренің мақсаты әулет тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізу болса, онда сол әулеттің аналары мен қыздарының есімі неге жиі аталмайтынын сұрады. Актриса "ата-баба" тіркесінде де әйелдің орны жеке аталмайтынына назар аударып, мұны өзінің шежіреге қатысты пікірімен байланыстырды.

Жазбаға үн қосқан оқырмандардың пікірлерін де бөлісті. Бір оқырман қыздың есімі төркінінің де, келін болып түскен әулетінің де шежіресіне енбей қалатынын жазған. Тағы бірі сол шежірені жалғап отырған ұрпақты дүниеге әкелген аналардың аты аталу керек деген пікір білдірген.

"Анаңның есімі ұмытылса, шежіренің қажеті не?" – деп жазды Фариза Ескермес.



Қазақта шежіре не үшін керек болған?

Шежіре – әулеттің, рудың немесе тайпаның ата-тегін таратып, ұрпақтардың бір-бірімен қалай туысатынын баяндайтын мұра. Қазақ арасында ол ұзақ уақыт ауызша айтылып, ұрпақтан ұрпаққа жеткен. Кейін шежірелер қағазға түсіп, кітап болып басылды. Соның белгілі үлгілерінің бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлының 1911 жылы Орынборда жарық көрген "Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі" еңбегі.

Шежіренің күнделікті өмірде де жөн-жосығы болған. Адамдар ортақ атасының кім екенін, бір-біріне қаншалықты жақын туыс екенін шежіре арқылы білген. Бұл, әсіресе, құда түсерде маңызды болған. Екі жастың ата-тегі сұралып, жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі сақталған.

Қыздардың есімі неге сирек жазылған?

Дәстүрлі рулық шежіре көбіне әке жағынан таратылған. Мысалы, бір әулеттегі ұлдың балалары сол рудың келесі буыны ретінде көрсетілсе, қыздың балалары өз әкесінің руы бойынша таратылған. Осы тәртіппен түзілген шежірелерде ұлдардың есімі мен ұрпағы жиі жазылып, қыздардың аты кейде аталмай қалған. Ал ана жағынан тарайтын туыстық қазақта "нағашы", "жиен" деген атаулармен сақталған.

Қазақ шежіресінде аты сақталған аналар да бар. Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының дерегінде Домалақ ана шежіре бойынша албан, суан және дулат руларының арғы анасы ретінде аталады. Найман ішіндегі Қызай тармағының атауын да шежіренің бірқатар нұсқасы Қызай анамен байланыстырады. Фариза Ескермес көтерген сұрақ осы тұста әулет тарихына келіп тіреледі. Руды әке жағынан таратып отырып, сол әулетте туған қыздар мен ұрпақ өсірген аналардың есімін де жазып қалдыруға болады.

Фариза Ескермес кім?

Фариза Ескермес – қазақстандық актриса, кезінде "Джейран" тобында ән айтқан. Ол Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында кинорежиссура мамандығын меңгерген. Актрисаның айтуынша, ата-анасы оған ақын Фариза Оңғарсынованың құрметіне есім берген. Кейін ол ақынмен түсірілім кезінде жүздескен.

Түсірілім алаңына студент кезінде келген. Бірінші курста, 18 жасында жеке киностудияға режиссердің көмекшісі болып жұмысқа тұрған. Студия қазақстандық ақын-жазушылар туралы деректі фильмдер түсірген. Сол жұмыста Фариза Оңғарсыновамен, Шерхан Мұртазамен танысқан. Алғашқы тапқан табысы 40 мың теңге болғанын актриса Harper’s Bazaar Kazakhstan басылымына берген сұхбатында айтқан.

"Джейранға" халық әнімен өткен. Фариза топтың іріктеуінде "Бір бала" әнін орындаған. Ұжымда Алтынай Жолдыбаева, Медина Жалғасова және Кармела Есеевамен бірге өнер көрсеткен. Топтың көпшілікке танылған әндерінің бірі – "Аймалашы". Кейін Ескермес әншіліктен киноға бет бұрды.

Тарихи фильмде Қасым ханның жарын сомдаған. Ескерместің айтуынша, оны студент кезінде "Қазақ хандығы" жобасына түсуге шақырған. Онда Қасым ханның жары Айшаны ойнады. Кейін "Бажа" веб-сериалына түсті. Ал 2023 жылы көрермен оны "Мошенники" сериалындағы Диана рөлімен таныды. Актриса 2026 жылы шыққан екінші маусымда да осы кейіпкерді сомдады.

"Нұрикамал" фильмінде басты рөлді ойнады. Ернат Байұзақ түсірген 2024 жылғы фильмге Тұрдықылыш Ізтаев пен Ханбибі Есенғарақызының "Нұрикамал" әнінің шығу тарихы арқау болған. Ескермес сол әнде аты аталған Нұрикамалды сомдады. Бұдан кейін "Капитан Байтасов" драмасына және Алишер Өтевтің "Дәстүр: Теріс бата" фильміне түсті.

Андрей Чалковпен 2014 жылы танысқан. Фаризаның айтуынша, екеуі алғаш рет көшеде кездескен. Араға бірнеше жыл салып, ортақ таныстары барын білген соң, Фариза Андрейге өзі хабарласып, тауға бірге баруды ұсынған. Екеуі 2024 жылы некесін қиып, үйлену тойын өткізді. Актриса Instagram-да көрсеткен шежіре осы жұбайының әулетіне тиесілі.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу