Актер Олжас Абайдың бұрынғы жұбайы, әнші Аймира Аман балаларымен бірге әлі де жалдамалы пәтерде тұрып жатқанын айтты. Оның сөзінше, актердің балаларына пәтер алып беру туралы уәдесі әзірге орындалмаған. Бұл туралы ол "Qoslike" бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Бағдарлама жүргізушісі Анна Данченко Аймира Аманнан Олжас Абайдың балаларына пәтер алып берген-бермегенін сұрады. Әнші осы уақытқа дейін баспана ауыстырмағанын айтып, балаларының әкесі алдағы уақытта көмектеседі деген үмітін жеткізді.
"Қазір де сол пәтерде тұрамыз. Әкесі оны қай уақытта алып беріп, қаншалықты сөзінде тұратынын уақыт көрсетер", – деді Аймира Аман.
Аймира Аман бұған дейін де Hit TV арнасындағы "Менің өмірім" бағдарламасында өзінің баспанасы жоқ екенін және анасы мен екі ұлымен бірге пәтер жалдап тұратынын айтқан еді. Ал Олжас Абай Аман Тасығанға берген сұхбатында бұрынғы отбасымен арадағы мәселелер реттелгенін және балаларының алдындағы әкелік міндетін атқарып жүргенін айтқан.
Аймира Аман кім?
Аймира Аман – Айора (AIORA) деген атпен өнер көрсететін қазақстандық әнші. Ол 2026 жылы "Хайп" және "Екеуміз де тірі қалдық" әндерін жеке сингл ретінде шығарды. Екі туынды да Apple Music платформасында бар.
Қарашада әншінің ажырасқаннан кейін бала тәрбиесіне араласпай кеткен әкелер туралы жаңа әні әлеуметтік желіде талқыланды. Туындының сөзін ақын Айдана Сегізбаева, әуенін Әйгерім Сырлыбаева жазған. Сегізбаеваның айтуынша, өлең бұрын жазылған. Сырлыбаева оны әлеуметтік желіден оқып, әуен шығарып, Айораға орындауға ұсынған.
Аймира Аман мен актер Олжас Абайдың екі ұлы бар. Әнші 2025 жылы Hit TV арнасының "Менің өмірім" бағдарламасына берген сұхбатында Олжас Абаймен сол кезден шамамен жеті жыл бұрын ажырасқанын айтқан. Сондай-ақ екі ұлын тәрбиелеуге анасы көмектесетінін жеткізген. Аймираның сөзінше, ән жазып, шығармашылықпен айналысып жүрген кезінде анасы балаларға бір жыл бойы қарап берген.