Дархан Мұсаев бұрынғы жұбайы Дариға Бадықова түскен "Соңыра" фильмін тамашалап, туынды туралы пікірін Instagram парақшасында бөлісті. Ол фильмнің көтерген тақырыбы мен актерлік құрамын жоғары бағалағанымен, оқиға желісіне қатысты сынын да жасырмады, деп хабарлайды Malim.kz.
Дархан Мұсаев фильмде құтқарушылардың қызметі мен олардың күнделікті өмірі шынайы бейнеленгенін атап өтті. Әсіресе өзгенің өмірін құтқару үшін басын қатерге тігетін мамандардың еңбегіне ерекше назар аударылғанын жеткізді.
"Құрметті достар, "Соңыра» фильмін көріп шықтым. Төтенше жағдайлар қызметінде істейтін өрт сөндірушілер мен жалпы құтқару саласында еңбек ететін әпкелеріміздің, қарындастарымыздың, аға-бауырларымыздың мәртебесі бір көтеріліп қалды деп ойлаймын. Өйткені олардың басқа адамдардың денсаулығы мен өмірі үшін өз өмірлерін қатерге тігетінін керемет жеткізген. Олардың да жеке өмірлері бар екенін жақсы көрсеткен", – деді актер.
Дегенмен өнер иесі фильмнің баяндау тәсіліне көңілі толмағанын айтты. Оның пікірінше, оқиға желісі тым созылыңқы болғандықтан, туындыға динамика жетіспейді.
"Бір қысқа дүниені ұзаққа созып жіберген сияқты көрінді. Динамика жоқ. Мен қалай бар, солай айтып отырмын. Актерлік құрам өте мықты", – деді Мұсаев.
Сонымен қатар актер көрермендерді фильмді көруге немесе көрмеуге үгіттемейтінін, әркім өз таңдауын жасауы керектігін жеткізді. Видео соңында ол 1 желтоқсаннан бастап Қазақстан кинотеатрларында көрсетілетін өзінің "Сүйемін деші" фильмін жарнамалады.
Айта кетейік, Дариға Бадықова мен Олжас Абай басты рөлдерді сомдаған "Соңыра" фильмі 19 қарашада прокатқа шықты. Туындыда құтқарушылардың кәсіби қызметі мен жеке өміріндегі қиындықтар баяндалады.