Алматыда Deep Purple тобының музыканты Қазақстанның әнұранын орындады, Рудныйда қала күніне Роза Зергерли мен Haddaway келді, ал Энрике Иглесиас Қазақстандағы алғашқы гастролінде екі қалада ән шырқады. 23 қарашаға дейін елде өткен шетелдік әртістердің концерттеріне шолу жасадық, деп хабарлайды Malim.kz.
Deep Purple Алматыда Қазақстанның әнұранын орындады

22 сәуірде британдық Deep Purple рок тобы Almaty Arena сахнасына шықты. Кештің тосын сәті топтың пернетақта аспаптарында ойнайтын музыканты Дон Эйридің жеке нөмірі болды. Ол Қазақстанның мемлекеттік әнұранын орындады. Сол кеште Абайдың "Көзімнің қарасы" әнінен де үзінді естілді.
Megadeth "Спартак" стадионында өнер көрсетті

28 маусымда америкалық Megadeth тобы Алматыдағы "Спартак" стадионында концерт берді. Дэйв Мастейн бастаған трэш-метал тобы "Hangar 18", "Symphony of Destruction" және "Holy Wars… The Punishment Due" әндерін орындады. Бағдарламаға Metallica тобының "Ride the Lightning" композициясы да кірді.
Рики Мартин Қазақстанда алғаш рет концерт берді

Пуэрто-Рико әншісі Рики Мартин 18 шілдеде Алматыға әлемдік туры аясында келді. "Спартак" стадионында өткен концертте "Livin’ la Vida Loca", "María" және "She Bangs" секілді танымал әндерін шырқады. Концерттен кейін әнші Алматыны аралап, Almaty Museum of Arts музейіне барды. Кейін әлеуметтік желіде кештен үзінді жариялап, қазақстандық көрерменге алғыс айтты.
Ye концертіне 50-ден астам ел мен аумақтан көрермен келді

Бұрын Канье Уэст есімімен танылған америкалық рэпер Ye 15 тамызда Алматының Орталық стадионында өнер көрсетті. Стадионның ортасына алып жарты шар тәрізді сахна орнатылды. Рэпер сол құрылымның үстінде сақтандыру белдігімен бекітіліп өнер көрсетті.
Ұйымдастырушылардың дерегінше, концертке 31 мың көрермен жиналған. Олардың шамамен 7,7 мыңы 50-ден астам ел мен аумақтан келген туристер. Көрермендер арасында Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания және Австралиядан келгендер болды.
Роза Зергерли мен Haddaway Рудныйдың қала күнінде ән айтты


21 тамызда Қостанай облысының Рудный қаласындағы мерекелік концертте әзербайжандық әнші Роза Зергерли мен Haddaway өнер көрсетті. Жергілікті Город басылымының жазуынша, концертке Қостанай, Лисаков және Жітіқарадан да көрермен келген.
Gorillaz, Джек Уайт және The Offspring бір фестивальде өнер көрсетті



21–23 тамызда Алматы маңындағы Первомай тоғандарында Park Live Almaty фестивалі өтті. Алғашқы күні Джек Уайт пен The Kills сахнаға шықты. Екінші күні көрермен CeeLo Green, De La Soul және Gorillaz өнерін тамашалады. Үш күндік фестивальді The Offspring тобының концерті түйіндеді.
Энрике Иглесиас алғашқы гастролінде екі қалада ән шырқады

Испаниялық әнші Энрике Иглесиас Қазақстандағы алғашқы концертін 3 қыркүйекте "Астана Аренада", екіншісін 5 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында өткізді. Екі кештен кейін әнші Instagram парақшасында қазақстандық жанкүйерлеріне алғыс айтып, бұл концерттерді ұмытылмас кештер деп атады.
Дима Биланның екі концертіне де билет түгел сатылды

Ресейлік әнші Дима Билан 20 қарашада Астанадағы Barys Arena-да, 22 қарашада Almaty Arena-да "Я просто люблю тебя" бағдарламасын ұсынды. Екі концерттің билеті де бірнеше апта бұрын түгел сатылған. Алматыдағы кеште әнші арнайы құрылғымен көрермен залының үстінен ұшып өтті. Концерттен кейін ол әлеуметтік желіде алматылықтарға жылы қарсы алғаны үшін алғыс айтты.