25 қарашада қазақтың ұлт азаттығы үшін күрескен Алаш қайраткері, танымал композитор, әлемдегі алғашқы автомобильді жасаушылардың бірі және әйгілі футболшылар дүниеге келген. Malim.kz осы күні туған танымал тұлғаларды еске түсіреді.
Міржақып Дулатұлы (1885–1935)

Қазақтың көрнекті ақыны, жазушысы, ағартушысы, публицист және Алаш қозғалысының қайраткері.
Қазіргі Қостанай облысында дүниеге келген. 1909 жылы жарық көрген "Оян, қазақ!" жинағы арқылы халықты білімге, бірлікке және азаттыққа үндеді. 1910 жылы қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман саналатын «Бақытсыз Жамал» шығармасын жариялады.
Биыл қайраткердің туғанына 141 жыл толады.
Айдос Сағатов (1970)

Қазақстандық әнші, композитор, музыкалық продюсер, «Үркер» тобының негізін қалаушы.
Алматы қаласында белгілі композитор Мансұр Сағатовтың отбасында дүниеге келген. 1994 жылы консерваторияда оқып жүрген кезінде "Үркер" тобын құрған.
"Наурыз", "Жаным", "Сәулем-ай", "Махаббат әні" секілді көпшілікке танымал әндердің дүниеге келуіне үлес қосқан.
25 қарашада өнер иесі 56 жасқа толады.
Карл Бенц (1844–1929)

Неміс инженері, өнертапқыш, автомобиль өндірісінің негізін қалаушылардың бірі.
1886 жылы бензин қозғалтқышымен жүретін үш дөңгелекті көлігіне патент алған. Оның өнертабысы қазіргі автомобиль өнеркәсібінің қалыптасуына жол ашты.
Бүгінде оның есімі әлемге әйгілі Mercedes-Benz автокөлік маркасымен байланысты. Биыл өнертапқыштың туғанына 182 жыл толады.
Эндрю Карнеги (1835–1919)

Шотландияда дүниеге келген америкалық кәсіпкер, өнеркәсіпші және меценат.
Қарапайым отбасынан шыққан Карнеги болат өндірісі арқылы өз дәуіріндегі ең бай адамдардың біріне айналды. Байлығының едәуір бөлігін білім, ғылым және мәдениетті дамытуға жұмсаған. Оның қаржылай қолдауымен мыңдаған кітапхана ашылды.
Кристина Эпплгейт (1971)

Америкалық актриса, "Эмми" сыйлығының иегері.
"Married... with Children", "Dead to Me" телехикаялары арқылы әлемге танылды. Сондай-ақ "Достар" телехикаясында Рэйчелдің әпкесі Эми рөлін сомдаған.
25 қарашада актриса 55 жасқа толады.
Хаби Алонсо (1981)

Испаниялық футболшы және жаттықтырушы, әлем және екі дүркін Еуропа чемпионы.
Футболшы ретінде "Ливерпуль", "Реал Мадрид" және "Бавария" клубтарында өнер көрсеткен. 2023/2024 жылғы маусымда оның жетекшілігіндегі «Байер» клубы тарихында алғаш рет Германия чемпионы атанды.
25 қарашада Хаби Алонсо 45 жасқа толады.
Педри (2002)

Испаниялық футболшы, "Барселона" клубының жартылай қорғаушысы.
2021 жылы Еуропаның үздік жас футболшысына берілетін Golden Boy сыйлығын иеленді. 2024 жылы Испания құрамасымен Еуропа чемпионы атанды.
25 қарашада жас футбол жұлдызы 24 жасқа толады.